
Танымал заңгер және блогер Әділетхан Молдаханның қамауда болу мерзімі ұзартылды. Бұл туралы оның ағасы Дәулетхан Ахметов әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеп, биліктен әділдік пен бостандық талап етті.
Оқиға қалай басталды?
Естеріңізге сала кетейік, Әділетхан Молдахан 30 наурызда ұсталған еді. Алғашында оның 10 күнге әкімшілік қамауға алынғаны туралы ақпарат тарады. Алайда қазіргі таңда бұл мерзім екі айға дейін ұзартылып отыр.
Заңгердің ұсталуына Алматыдағы әл-Фараби даңғылында орын алған қайғылы жол апатына қатысты айтқандары себеп болған. Үш адамның өмірін қиған бұл апатқа қатысты блогер әлеуметтік желіде видео жариялап, полиция қызметкерлерінің жұмысын сынға алған. Оқиғаның мән-жайына қатысты өз болжамын айтқан.
Құқық қорғау органдары Әділетхан Молдаханға қатысты «Көрінеу жалған ақпарат тарату» бабы бойынша қылмыстық іс қозғап, оны күдікті деп таныды. Полицияның мәліметінше, блогер жариялаған ақпарат шындыққа жанаспайды және қоғамда жалған түсінік қалыптастыруы мүмкін.
Бұл іске қатысты Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов те пікір білдірген еді. Ол заңгердің ұсталуын барлық іс-қимылдардың заң шеңберінде жүріп жатқанын атап өтті.
Туыстарының наразылығы
Блогердің ағасы Дәулетхан Ахметов інісінің қамау мерзімінің ұзартылуын негізсіз деп санайды.
«Әділетхан Молдахан інімнің қамалуы екі айға не үшін созылды? Әділетті Қазақстанда әділдік қайда? Бостандық талап етемін», – деп жазды ол.
Еске сала кетейік, бұған дейін полиция Әділетхан Молдаханның бұрын істі болғанын жариялаған еді.