Жаңалықтар

Өскемен тұрғыны есірткіні өз еркімен тапсырғаны үшін сыйақы алды

Өскемен тұрғыны есірткіні өз еркімен тапсырғаны үшін сыйақы алды / Фото: Shutterstock

Өскеменде жергілікті тұрғын 1 кг астам синтетикалық есірткіні өз еркімен тапсырғаны үшін қомақты ақшалай сыйақы алды.

Облыс прокуратурасы хабарлағандай, ер адам тыйым салынған заттарды «STOP есірткі!» пилоттық жобасы аясында өз еркімен тапсырған. Бұл бағдарлама есірткі қылмыстарын анықтауға және олардың жолын кесуге көмектесетін тұрғындарды ынталандыруға бағытталған.

«Жоба іске асырылған бір жыл ішінде өзінің тиімділігін көрсетті. Түскен хабарламалар бойынша 12 қылмыстық іс тіркеліп, заңсыз айналымнан 3 келіге жуық синтетикалық зат тәркіленді. Қырағы азаматтарға төленген сыйақының жалпы сомасы 3 млн теңгеден асты», – деп хабарлады прокуратурадан.

Қадағалау органы азаматтарды бейжай қалмауға және есірткі тарату фактілері туралы хабарлауға шақырады. Мұны «102» арнасы немесе 14 68 және 8 771 659 53 22 сенім телефондары арқылы жасауға болады.

Бұл ретте ақпарат берген тұлғаларға құпиялылық, қауіпсіздік және мәлімет расталған жағдайда сыйақы төлеуге кепілдік беріледі.