
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр президенттің атынан Таяу Шығыс елдерінен қазақстандықтарды эвакуациялауға қатысқан мемлекеттік орган қызметкерлері мен авиация саласының өкілдеріне наградалар табыс етті, деп хабарлайды Үкімет баспасөз қызметі.
Таяу Шығыс өңірінде әуе кеңістігінің жабылуына байланысты 2026 жылдың ақпан айында эвакуациялық іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізуге елеулі үлес қосқан авиация саласы өкілдерін марапаттау рәсімі өтті. Наградаларға мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, авиакомпаниялардың, әуежайлардың қызметкерлері, ұшу экипаждарының мүшелері, жерүсті қызметтерінің мамандары және саланың басқа да өкілдері ұсынылды.

«Барлық жұмыстың нақты әрі үйлесімді ұйымдастырылғанын атап өткім келеді. Осынау лайықты ордендер, медальдар мен Президенттің алғысы сіздер үшін кәсіби тұрғыда одан әрі өсуге, қолда бар дағдыларды жетілдіруге және жаңа білім алуға қосымша серпін болады деп сенемін. Бұл алдағы уақытта да Отанымыздың гүлденуі жолында жемісті еңбек етулеріңізге мүмкіндік береді», — деді Роман Скляр.
Еске сала кетейік, ақпанда Таяу Шығыс өңірінде әуе кеңістігінің жабылуына байланысты Қазақстан азаматтарын елге қайтару бойынша ауқымды жұмыс жұйымдастырылған. Мемлекеттік органдар мен ұйымдар өкілдерінен құралған ведомствоаралық топ тиісті жұмысты қамтамасыз етті.
3-13 наурыз аралығында 66 рейс орындалып, отанға еліміздің 10 275 азаматы қайтарылды. Тасымалдау жұмыстарын Air Astana, SCAT, FlyDubai және Air Arabia авиакомпаниялары Дубай, Шарджа, Жидда, Медина және Маскат қалаларынан Алматы, Астана, Атырау, Ақтау және Шымкент бағыттары бойынша жүзеге асырды.