Жаңалықтар

Экология, жол, қауіпсіздік: қазақстандықтар келешек ақылды қаланы қалай елестетеді

Фото: Freedom Inside’26

Freedom Inside’26 халықаралық цифрлық экожүйелер форумында «Болашақтың ақылды қаласы» атты панельдік сессия өтті. Қазақстандағы технология саласының көшбасшылары мен визионерлері Big Data мен ЖИ мегаполистердің жұмыс істеу тәсілін қалай өзгертіп жатқанын талқылады. Бүгінде қалалар бейберекет жүйеден біртұтас, үйлесімді жұмыс істейтін «цифрлық жүйеге» айналып келеді.

Sergek Group компаниясының CEO-сы Евгений Ким жүйені жай ғана құқықбұзушылықты тіркейтін құрал деңгейінен қаланың «интеллектуалды өзегіне» дейін дамыту стратегиясымен бөлісті. Оның айтуынша, технологияның түпкі мақсаты – айыппұл көбейту емес, адамдар үшін қауіпсіз әрі болжамды орта қалыптастыру.

Фото: Freedom Inside’26, Sergek Group компаниясының CEO-сы Евгений Ким

«Көп жағдайда Smart City ұғымы күрделі технологиялар мен деректермен байланыстырылып жатады. Бірақ қарапайым тұрғын үшін бұл маңызды емес. Ең бастысы – өзін қауіпсіз әрі жайлы сезіну. Біздің міндет – технологияны көзге көрінбейтін деңгейде жұмыс істету. Мысалы, сіз үйіңізге 15 минут ертерек жеттіңіз делік – бұл тек уақыт үнемдеу емес, отбасыңыздың амандығына деген сенім», – деді спикер.

Сонымен қатар ол жүргізушілердің жаппай тәртіп бұзатыны туралы пікірдің де шындыққа жанаспайтынын атап өтті:: 2024 жылы Астанада тіркелген 300 мың автокөліктің 30%-ы, яғни 90 мыңы бірде-бір ереже бұзбаған.

Сессия барысында сарапшылар ақылды қала тұжырымдамасын нақты мысалдармен толықтырды. Freedom Insurance компаниясының CEO-сы Азамат Керімбаев көлік аналитикасы арқылы жол апаттарын алдын ала болжауға болатынын айтты.

«Мысалы, Алматыдағы Абай мен Назарбаев даңғылдарының қиылысы — жол-көлік оқиғалары жиі болатын қауіпті нүктелердің бірі. Осындай деректерді дұрыс пайдалану сақтандыру саласында әділ тарифтер қалыптастыруға ғана емес, жолдағы жағдайды жақсартуға да мүмкіндік береді. Нәтижесінде апат қаупі төмендейді. Бұл – ақылды қала идеясын іс жүзінде жүзеге асырудың бір көрінісі», – деді Керімбаев.

Талқылау соңында сарапшылар 2031 жылға қарай қалаларда қандай өзгерістер болуы мүмкін екенін атап өтті:

  • жолдағы нөлдік өлім-жітім (Vision Zero) – жол апаттарынан болатын адам шығынын толық жоюға бағытталған жүйе;
  • экология және көлік – коммерциялық көліктер мен таксилерді толық электрлендіру, сондай-ақ негізгі жолдарды жеңілдету үшін монорельс жүйелерін дамыту;
  • жаңа мобильдік – уақыттың небәрі 5%-ында ғана қолданылатын жеке автокөліктен біртіндеп бас тартып, ортақ пайдалану (шеринг) қызметтері мен жүргізушісіз роботаксилерге көшу.

Айта кетейік, Астанада өткен Freedom Inside’26 форумы – жылдағы ең ірі технологиялық алаңдардың бірі. Бұл жиын бизнес өкілдерін, мемлекеттік құрылымдар мен IT саласының көшбасшыларын бір арнаға тоғыстырып, қаржылық технологиялар, ЖИ және Smart City бағыттарының келешегін талқылауға мүмкіндік берді.