
Ұлттық статистика бюросы халықтың қартаю индексін жариялады. Соған сәйкес, елде қарттардың саны артқан.
Халықтың қартаю индексі қарттар мен балалар санының арақатынасынан көрінеді. Яғни, 15 жасқа дейінгі әр 100 балаға еңбекке қабілетті жастан асқан (65 жастан асқан) қанша адамнан келетінін салыстырады.
2024 жылы 100 балаға шаққанда 31 қарт кісіден келсе, 2025 жылы 33 адамға жеткен.
Қалалық жерде бұл индекс ауылдық жерге қарағанда жоғары. Қалада – 34,9; ауылда – 29,6.
Қарт кісі көп өңірлер
Көрсеткіш кей өңірде тым жоғары, ал туу көрсеткіші бойынша алғашқы үштікте тұрған аймақтарда төмен. Бұл тізімде Маңғыстау облысы (16,2), Түркістан облысы (17,2) және Шымкент қаласы (17) тұр.
Қартаю индексі жоғары өңірлер: Солтүстік Қазақстан – 84,1, Шығыс Қазақстан – 80,7 және Қостанай облыстары – 71,3.
Сондай-ақ Павлодар облысында – 60,2 және Қарағанды облысында – 56,6.
Алматы қаласында индекс 100 балаға шаққанда 38,3 болса, Астана қаласында – 22,9.
Қазақстандықтар орта есеппен қанша жыл өмір сүреді
Бұған дейін қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 75,97 жасқа жеткені хабарланды. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, бұл көрсеткіш – тәуелсіз мемлекеттің тарихындағы абсолютті рекорд.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында орташа көрсеткіш 67,6 жасты көрсеткен.
1991 жылы – 67,6 жас
2001 жыл – 65,6
2011 жыл – 68,98
2021 жыл – 70,23.
Осылайша, отыз жылдан астам уақыт ішінде ел азаматтарының орташа өмір сүру ұзақтығы 8 жылға ұзарды.