
Атыраудан Дағыстанға алғаш рет қазақстандықтардың гуманитарлық көмегі жеткізілді. Жүкті қарапайым тұрғындар жинаған қаражатқа «Асар үме» қоры апарды.
Не жеткізілді?
Көлікте қазақтың ұлттық ою-өрнегімен безендірілген көрпелер, азық-түлік және бірінші кезекте қажетті тауарлар бар. Жүк тиелген видеоны белгілі белсенді Омарасхаб Ахмедов жариялады.
«Қазақстаннан гуманитарлық көмек келді. Су тасқынынан кейін ауылдарға тарататын боламыз», – деп жазды ол видеоның сипаттамасында.
Әлеуметтік желі қолданушылары фургон ішіндегі көрпелерге ерекше назар аударды. Дәстүрлі ою-өрнегі бар көрпелер көмектің дәл қазақ халқынан келгенінің символына айналды.
«Асар үме» қорының басшысы Асхат Нұрмашев кейінірек Дағыстан үкіметімен келіссөздер жүргізіп, гуманитарлық көмекке қажетті тауарлар тізімін жасауды бастағанын хабарлаған.
Наурыздың соңынан бері Солтүстік Кавказда толассыз жауын жауып тұр, оның зардабын Дағыстан тартып, мыңдаған адам эвакуациялануға мәжбүр болған.
Айта кетейік, 2024 жылы Омарасхаб Ахмедов Қазақстанға бірінші болып келіп, Атырау облысындағы бөгеттерді нығайтуға жеке өзі көмектескен еді. Енді Дағыстан басына күн туғанда, қазақстандықтар да шет қалмады. Қазақстан тұрғындары қиын жағдайда қол ұшын созу үшін белсендіге өздері хабарласқан.