Жаңалықтар

ҚазҰУ студенттерінің жеке дерегі тарағаннан кейін, прокуратура тексеріс бастады

"Список не девственниц" вернулся: в КазНУ произошла новая утечка интимных данных студенток
фото: ашық дереккөзден

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да тағы да жанжал. Студенттердің жеке өмірі, денсаулығы, жеке басы туралы жазылған деректер көпшілікке тарап кетті деп жазады Ulysmedia. Университеттегі кураторлардың бірі құжаттардың чаттарда ашық таралып, студенттерге ешбір тексерусіз жіберіле салатынын айтты.

Қандай деректер қолды болды?

Таралған құжаттарда студенттердің аты-жөні, оның денсаулығы, қыздардың гинекологиялық мәселелері, бұзақылық жасағаны, ішкі тәртіпті бұзғаны жайлы ақпарат толық жазылған. Мәселен, 2026 жылдың 19 қаңтары деп көрсетілген құжатта бір студенттің жатақханаға ішімдік ішіп келгені көрсетілген. Ал 27 қаңтарда толтырылған есепте жатақханада шу шығарған, жедел-жәрдем шақырып, ауруханаға кеткен студенттердің аты-жөнін толық тізіп шыққан. Мұндай бірнеше құжат ашық ресурстарда жүр.

Тексеріс басталды

ҚазҰУ баспасөз қызметі университет үшін жеке деректерді қорғау басты назарда екенін айтты, бірақ аталған іс бойынша қызметтік тексеріс басталғанын да хабарлады.

Кейінірек Алматы қаласы прокуратурасы бұл іс бойынша тексеру басталғанын мәлімдеді.

«Тексеру іс-шаралары барысында деректердің сақталуын қамтамасыз етуге жауапты тұлғалардың іс-әрекетіне «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» ҚР Заңын сақтау тұрғысынан құқықтық баға беріледі. Заң бұзушылықтар мен деректерді заңсыз жария ету фактілері расталған жағдайда, заңда белгіленген шаралар қолданылатын болады», – деп жазылған ведомство хабарламасында.

Жеке деректердің таралуы ұлттық университетте бірінші рет болып тұрған жоқ. Екі жыл бұрын ҚазҰУ-дағы студенттердің аты-жөні, ұялы нөмірі, медициналық жағдайы жазылған құжаттар таралып кеткен. Сол кезде Алматы прокуратурасының нұсқауымен дербес деректерді тарату бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілген.