
Пәкістан астанасы Исламабадта АҚШ пен Иран арасындағы соңғы онжылдықтардағы ең жоғары деңгейдегі ресми келіссөздер басталды. Бірнеше күндік белгісіздіктен кейін екі елдің жоғары лауазымды өкілдері аймақтағы шиеленісті бәсеңдету мақсатында кездесті.
Делегация құрамы: Кімдер келді?
Америкалық делегацияны АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс бастап келді. Оның құрамында президенттің арнайы өкілі Стив Уиткофф пен Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер де бар. Вэнс Исламабадқа қонбас бұрын АҚШ-тың «ізгі ниетпен» келгенін, бірақ кез келген жағдайға дайын екендерін ескертті.
Иран тарапын Парламент спикері Мохаммад-Багер Галибаф бастаған делегация таныстырады. Оның қасында Сыртқы істер министрі Аббас Арагчи мен Орталық банк төрағасы Абдолнасер Хеммати бар. Галибаф келіссөз алдында:
«Бізде ізгі ниет бар, бірақ сенім жоқ. Американдықтармен бұған дейінгі тәжірибеміз сәтсіздік пен орындалмаған уәделермен аяқталған», – деп мәлімдеді.
Ормұз бұғазы және мұнай дағдарысы
Келіссөздердің басты тақырыбы – Ормұз бұғазы. Дональд Трамп Иранға бұғазды бұғаттаудан босату туралы ультиматум қойып, екі апталық уақытша бітім жариялаған еді. Алайда, бұғаз арқылы кеме қатынасы әлі де минималды деңгейде қалып отыр (тәулігіне 140 танкердің орнына небәрі бірнешеуі ғана өтіп жатыр).
Трамп Иранды келісім шарттарын бұзып, кемелерді өткізу үшін ақы талап етіп отыр деп айыптады.
«Мұнай ағыны жақын арада басталады – Иранның көмегімен немесе онсыз», – деп жазды АҚШ президенті Truth Social желісінде.
Кездесудің маңызы
Бұл 1979 жылғы Ислам революциясынан бері екі ел арасындағы ең жоғары деңгейдегі кездесу. 2015 жылғы ядролық келісімнен кейінгі алғашқы ресми бетпе-бет диалог. Ливандағы соғысты тоқтату және Иранның бұғатталған активтерін ашу мәселелері де күн тәртібінде.
Пәкістанның рөлі
Исламабад бұл маңызды шараға қатаң қауіпсіздік шараларымен дайындалды. Қала көшелеріне мыңдаған әскери қызметкерлер шығарылды. Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шариф бұл келіссөздердің нәтижесі аймақтағы қақтығыстың бейбіт жолмен шешілу-шешілмеуін («болу не болмауын») анықтайтынын айтты.