Жаңалықтар

Көптомдық «Қазақстан тарихының» бесінші томы бекітілді

фото: Ақорда

Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Карин төрағалығымен «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» атты жеті томдық академиялық басылымды дайындау жөніндегі редакциялық алқаның кезекті отырысы өтті.

Жиында XIX ғасыр мен ХХ ғасырдың басындағы Қазақстан тарихына арналған бесінші томның қолжазбасы қаралды. Жаңартылған құрылымы мен мазмұнын авторлар ұжымының жетекшісі, тарих ғылымдарының докторы, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директоры, академик Зиябек Қабылдинов таныстырды. Оның айтуынша, том редакциялық алқа мүшелерінің ұсыныстары негізінде толықтырылып, ғылыми тұрғыда жетілдірілген.

Талқылау қорытындысы бойынша редакциялық алқа мүшелері бірауыздан бесінші томды баспаға дайындауға мақұлдады.

Күн тәртібіндегі келесі мәселе – Қазақстан тарихының кеңестік кезеңіне арналған алтыншы томның қолжазбасын қарау болды. Томның тұжырымдамасы, құрылымы мен мазмұнын авторлар ұжымының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Күлғазира Балтабаева баяндады.

Сондай-ақ, отырыста бірқатар беделді ғалымдардың рецензиялары тыңдалды. Атап айтқанда, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяған, социология ғылымдарының докторы, Философия, саясаттану және дінтану институты бас директоры Айгүл Садуақасова және саясаттану ғылымдарының кандидаты, «Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры Андрей Чеботарев өз пікірлерін білдірді.

Бұдан бөлек, редакциялық алқа мүшелері – Диқан Қамзабекұлы, Еркін Әбіл, Радик Темірғалиев, Мәмбет Қойгелді, Ханкелді Әбжанов, Оразақ Смағұл, Берекет Кәрібаев және басқа да ғалымдар өз ұсыныстарын ортаға салды.

Жиын қорытындысында редакциялық алқа алтыншы томды талқылауды келесі отырыста жалғастыру туралы шешім қабылдады. Ал XIX ғасыр мен ХХ ғасырдың басындағы кезеңді қамтитын бесінші том ресми түрде бекітіліп, баспаға дайындық кезеңіне жіберілді.