Экономика

Қор нарығы: Ирандағы бітім, алтынның серпілісі және KASE-дегі контраст

Қор нарығы / фото: gemini generated

Ирандағы қақтығыс ядролық шекке жетті. Дегенмен, тараптар бір қадам артқа шегінді. Вашингтон мен Тегеран дипломатиялық сауда-саттық кезеңіне оралу үшін екі апталық бітім жасасты. Бірақ бұл жағдай бәрінің бірдей көңілінен шығып отырған жоқ. Израиль күшейген көршісімен оңаша қалғысы келмейді. Сондықтан келіссөздерді бұзуға барынша тырысуда.

Дональд Трамптың мүддесі мүлдем басқа. My Garden-нің пікірінше Ирандағы соғыс оның рейтингін бұрын-соңды болмаған төмен деңгейге түсіріп жіберді (дереккөзге байланысты 31-36%). Республикалық партияның да танымалдылығы төмендеді. Егер аралық сайлау сәуір айында өткен болса, республикашылдар Өкілдер палатасындағы бақылауды жоғалтып алар еді. Трампқа абыройын сақтап қала отырып, Ираннан тез арада шығу керек. Егер бұл үшін Израильге қысым жасау қажет болса, оның дәл осылай жасауы әбден мүмкін.

S&P 500 индексі: құлдыраудан кейінгі серпіліс

S&P 500 фьючерстері 4,67%-ға өсіп, 6817 пунктке жетті. Мұндай ірі өсім 2025 жылдың сәуір айынан бері байқалмаған еді. Бұл өте символикалық жағдай. Ол кезде де қолдан жасалған түзетуді Трамп ұйымдастырған болатын. Ол бүкіл әлемге сауда соғысын жариялады. Ал басты бәсекелесі Қытайдың соңына дейін баруға дайын екенін көргенде, кері шегініп, келіссөздер жүргізе бастады. Сол кезде, сәуірдің соңында нарық күрт жоғарылап, жыл соңына дейін ралли режиміне өткен еді. Қазіргі жағдай да соған ұқсас. Трамп Қытайдың Иран арқылы бұл жолы да соңына дейін баруға дайын екенін түсініп, кері шегінді. S&P 500 қайтадан жоғары қарай атылды. Бірақ қазір раллидің әлеуеті соншалықты үлкен емес. Мүмкін 7400, бәлкім 7800 пункт болуы ықтимал. Бұл 2026 жылдың соңында немесе 2027 жылы болатын ірі құлдырау алдындағы соңғы секіріс болуы мүмкін.

Мұнай келіссөздердің қорытындысын күтуде

Апта басынан бері Brent маркалы мұнай 11,5%-ға арзандады. Құлдырау айтарлықтай үлкен, бірақ котировкалар 100,00 доллар деңгейінде ұсталып қалды. Сәл төменіректе 96,00-98,00 доллар аралығында аралық қолдау шегі өтеді. Осы демалыста өтетін АҚШ пен Иран келіссөздерінің нәтижесі белгілі болмайынша, баға одан әрі төмендегісі келмей тұрғандай. Егер прогресс байқалса, бағаның 96,00 доллардан төмен бекітілуі 86,00-88,00 долларға жол ашады. My Gareden сарапшылары егер делегациялар сәтсіздікке ұшыраса, баға қайтадан 106,00-108,00 доллар қарсылық деңгейіне оралады деп отыр.

Алтын: $5100-5200 әлде $4320-4420

Алтында да осыған ұқсас айырық қалыптасты. Бағалы металл 4680-4780 доллар мақсатты деңгейінің жоғарғы шегін қысып тұр. Егер келіссөздер сәтті өтсе, баға жоғарыға бұзып өтіп, келесі 5100-5200 доллар мақсатына өсуге мүмкіндік ашады. Сәтсіздікке ұшырап, 4680 деңгейінен төмен бекітілген жағдайда, 4320-4420 доллар аймағына дейін құлдырау қаупі туындайды. Алтын бағасы осылайша тұрақсыздың пен белгізідіктің ортасында қалғандай.

Bitcoin айналасындағы драма Ең күрделі жағдай BTC-де байқалады. Басқа құралдардан айырмашылығы, ол 1,5 жылдық минимумдарда қалып отыр. Оған қоса, екі айлық бүйірлік қозғалыс негізгі криптовалютаны 2025 жылдың 6 қазанынан басталған төмендеу арнасының трендтік қарсылығына әкелді. Осы жерде Bitcoin төмендеу арнасын бұза ма, әлде 50 000 – 60 000 доллар аймағына қарай құлдыраудың жаңа айналымына кете ме, соның түйіні шешілуі тиіс. Егер Трамп Қытаймен сауда соғысында шегінген 2025 жылдың сәуір айындағы тәжірибеге сүйенсек, онда Иранмен бітім ұзартылған жағдайда BTC көкке самғауы керек.

Отандық нарық

Жергілікті корпоративтік секторда өсім көшбасшылары айқын байқалды. Алтын бағасының 3,07%-ға көтеріліп, 4678 долларға жетуі аясында AltynGold компаниясының акциялары керемет серпіліс жасап, бір апта ішінде 22,93%-ға қымбаттады. Бұл бағалы қағаз құнын 8846,96 теңгеге дейін жеткізді. Қаржы және қызмет көрсету секторы да жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Freedom Holding Corp акциялары 5,27%-ға өсіп 150,01 долларды құраса, Halyk Bank құнды қағаздары 3,27%-ға көтеріліп, 392,99 теңгеге жетті. Сонымен қатар Air Astana мен Казатомпром акциялары да инвесторлардың сенімін ақтап, тиісінше 3,19% және 2,25% оң динамика көрсетті. Kaspi.kz эмитенті 0,55% шамалы өсіммен тұрақты позициясын сақтап қалды, ал Solidcore Resources акциялары апта бойы 7,60 доллар деңгейінде ешқандай өзгеріссіз қалды.

Екінші жағынан, мұнай бағасының күрт арзандауы ұлттық энергетикалық компаниялардың капитализациясына тікелей соққы болды. ҚазМұнайГаз акциялары 2,85%-ға төмендеп, 30700 теңгеге түссе, ҚазТрансОйл бағалы қағаздары 3,17%-ға құнсызданып, 1191 теңгені құрады. Байланыс және инфрақұрылым салаларында да кішігірім түзетулер жүрді. Kcell, Қазақтелеком және KEGOC акциялары шамамен бір пайызға дейінгі аралықта төмендеді. Ал банк секторының кейбір өкілдері, атап айтқанда Forte және Банк ЦентрКредит акциялары сәйкесінше 2,20% және 0,89%-ға арзандап, нарықтағы жалпы құбылмалылыққа ілесті.