Экономика

Аргентинаның ХВҚ алдындағы қарызы 57 млрд долларға жетті

Аргентина қарызға батып жатыр / фото: gemini generated

Мемлекеттің Халықаралық валюта қорына (ХВҚ) берешегі Аргентинаның қаржылық қиындықтары ең алдымен мемлекеттік деңгейде анық байқалуда. Соңғы бір жылдың ішінде елдің Халықаралық валюта қоры алдындағы қарызы шамамен 36 пайызға өсіп, 57 млрд долларға жетті. Берешектің бұлай күрт артуына негізінен 20 млрд доллар көлемінде алынған жаңа несие себеп болып отыр. Бұл жағдай үкіметтің сыртқы қарыз жүктемесінің одан әрі ауырлай түскенін көрсетеді.

Милей реформаларының салдары мен қымбатшылық

Ел президенті Хавьер Милей билікке келгенде, оның алғашқы қадамдары миллиондаған аргентиналыққа несие алуға жол ашып, 300 пайызға жеткен рекордтық инфляцияны тежегендей болған еді. Алайда бұл жеңілдік ұзаққа созылмады. Қазірдің өзінде Ирандағы соғыс сияқты сыртқы факторлар болашақ инфляциялық болжамдарды қайта ушықтырып отыр. Сонымен қатар үкімет коммуналдық қызметтер мен көлікке бөлінетін субсидияларды қысқартқандықтан, қарапайым отбасылардың міндетті шығындары күрт өсті. Бұрын мұндай тұрақты шығындар отбасы бюджетінің 15 пайызын алса, қазір бұл көрсеткіш 22 пайызға дейін жеткен. Азық-түлік пен жанармай бағасы шарықтап, халықтың нақты жалақысы күн санап құнсызданып барады.

Несие төлей алмай қалған халық

Күнкөріс қиындаған сайын, бұрын жағдай түзеледі деген үмітпен көлік алу немесе отбасылық қуаныштарды атап өту үшін несие алған тұрғындар енді қарыздарын қайтара алмай қиналуда. Табыстың төмендеуі мен пайыздық мөлшерлемелердің күрт өсуі халықты тығырыққа тіреді. Қазіргі кезде аргентиналықтардың жеке қарызы олардың табысынан бір жарым есе асып түседі. Осының салдарынан банктердегі төлемді 90 күннен артық кешіктіру көрсеткіші 2010 жылдан бергі ең жоғары шекке, яғни 10,6 пайызға жетті. Ал бөлшек сауда желілерінен алынған қарыздар бойынша кешіктіру көрсеткіші тіпті 24 пайызға дейін шарықтап отыр. Тұрғындар ай басталмай жатып жалақысының төрттен бір бөлігін тек несиені жабуға жұмсауға мәжбүр.

Экономикадағы алшақтық және жұмыссыздық

Аргентина экономикасының қазіргі жағдайы біркелкі емес. Ауыл шаруашылығы, қаржы және тау-кен салаларында 17 пайыздық өсім байқалғанымен, бұл секторларда жұмыс күшінің тек 8 пайызы ғана қамтылған. Ал халық көп жұмыс істейтін өндіріс, сауда, туризм және құрылыс салалары керісінше 3 пайызға құлдырады. Жаңа үкімет тұсында 200 мыңға жуық ресми жұмыс орны қысқарған. Мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы инфляцияға ілесе алмай, 20 пайызға артта қалып отыр. Осындай жұмыссыздықтың өсуі, несие қысымы және қымбатшылық салдарынан тұрғындардың тұтыну қабілеті күрт төмендеп, президент Милейдің рейтингі 36 пайызға дейін құлдырады. Бұл оның билікке келген уақытынан бергі ең төменгі деңгей болып саналады.

Еске сала кетейік, 2026 жылдың басында Қазақстанның сыртқы борыш жалпы қарыздың 24,7%-ын ($17,3 млрд) құрайды.