Lifestyle

Блогер Қайсар Қамза Вьетнамда ұсталды

Блогер Қайсар Қамза Вьетнамда ұсталды / Фото: Instagram

Интерпол арналары арқылы іздеуде жүрген қазақстандық блогер Қайсар Қамза Вьетнамда ұсталды. Ол заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырды деп күдіктелуде, деп хабарлайды Polisia.kz.

«Қазақстан Ішкі істер министрлігі Интерпол арналары бойынша Вьетнам Социалистік Республикасының құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл жасау барысында Камрань қаласында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін халықаралық іздеуде жүрген блогерді ұстады», – деп хабарлады полициядан.

2,4 млн оқырманы бар блогер әлеуметтік желілерде онлайн-казиноның жарнамалық бейнематериалдарын орналастырып, пайдаланушыларды құмар ойындарға қатысуға тартқан.

Фото: Polisia.kz

Ақпаратқа сүйенсек, өз қызметінің нәтижесінде Қайсар Қамза 100 млн теңгеден астам мөлшерде заңсыз табыс тапқан.

«Ақшалай қаражат оның атына тіркелген криптовалюта әмиянына аударылып отырған. Қазіргі уақытта оны Қазақстан Республикасына экстрадициялау мәселесі шешілуде», – деп мәлімдеді ІІМ.

Бұған дейін блогерге қатысты іздестіру ісі 2026 жылғы 10 қаңтарда тіркелгені хабарланған болатын. 2025 жылы Туризм және спорт министрлігі Қамзаны заңсыз онлайн-ұтыс ойындарын өткізген құқық бұзушылар тізіміне қосқан еді. Сол кезде оған 1 179 600 теңге көлемінде айыппұл салынған болатын.