
Илон Маскқа тиесілі X компаниясы жаңа мессенджер дайындап жатыр. Х платформасы аясында (бұрынғы Twitter) XChat атты қосымша iOS-қа арналған, 17 сәуірде іске қосылады.
Қосымшаның басты артықшылығы – хат алмасу бастан-аяқ шифрланған, скриншоттардан қорғалған, қолданушылар хабарламаларды еркін редакциялай алады. Жазған хабарыңызды қателессеңіз түзеп немесе екі жақтан да бірдей өшіріп тастауға мүмкіндік бар.
Бұған қоса, XChat-та оқылғаннан кейін өзі жоғалып кететін хабарламалар және жүздеген адам сыятын ірі чаттар болады. Мессенджердің ең үлкен артықшылығы – ешқандай жарнама болмайды. Бұл оны WhatsApp пен Telegram-нан ерекшелеп, пайдаланушылар үшін тартымды ете түспек дейді компаниядағылар.
Оның басқалардан тағы бір басты айырмашылығы – қоңырау шалу үшін телефон нөмірін көрсетудің қажеті жоқ.
Файл алмасу мен қоңырау шалуға арналған XChat жүйесін іске қосатынын Илон Маск былтыр жазда айтқан еді. XChat-ты шығару арқылы миллиардер Х платформасын жай ғана әлеуметтік желі емес, ішінде хат жазу, сөйлесу және басқа да қызметтер біріктірілген әмбебап қосымшаға айналдыруды көздеп отыр.
X-ке қатысты теріс жаңалық та бар. Осы жылы ақпанда X компаниясының Париждегі кеңсесінде тінту жүргізілген. Прокуратура алгоритмдерді теріс пайдалану және деректерді алаяқтық жолмен алуға қатысты тергеу бастады.