
Каспий теңізі аумағында бір күнде үш рет жер сілкінді. Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясы жанындағы республикалық сейсмологиялық қызмет орталығының мәліметінше, жерасты дүмпуі 12 сәуірде тіркелген.
Сейсмологтар су айдынында жергілікті уақыт бойынша сағат 00:47-де, 22:46-да және 23:45-те үш жерасты дүмпуін тіркеді. Екеуінің магнитудасы 3,2 болса, үшінші дүмпу 4,6 болды.
Қазақ ұлттық деректер орталығы да жер сілкінісіне қатысты ақпарат жариялады. Соған сәйкес, соңғы дүмпу магнитудасы mb=4,6; энергетикалық класы K=11,7; тереңдігі h=65 км.
Ғимараттардың қирағаны және зардап шеккендер туралы ақпарат тіркелмеген.
Айта кетейік, 8 сәуірде Астана уақытымен сағат 14:05-те Каспий теңізі аумағында жер сілкінді.