
Қазақстан экспортының 50%-ы әлі де мұнайға байланған. Шикізатқа телмірген модель ел экономикасын сыртқы нарықтағы құбылыстардан қорғансыз етеді. Осы ретте Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер Саида Тлеулеева алдағы 10 жылда елдің шикізатқа тәуелділігін төмендету үшін басымдық беруге тұрарлық бес саланы атады. Оның айтуынша, басты мақсат – тек жаңа сала табу емес, шикізат экспортынан ел ішінде қосымша құн жасауға көшу.
Өңдеу өнеркәсібі және мұнай-химия
Сарапшының пікірінше, экономиканың негізгі резерві өңдеу саласында жатыр. Мұнай-химиясын ішінара дамытудың өзі өнімнің қосымша құнын 2–3 есеге арттырады. Егер өңдеу өнеркәсібінің ЖІӨ-дегі үлесі 18–20%-ға дейін өссе, өңделген өнім экспорты қазіргі 10–12 миллиард доллардан 20 миллиард долларға дейін ұлғаюы мүмкін.
Транзит және логистика
Екінші маңызды бағыт – Транскаспий маршрутын дамыту. Бұл салада қазірдің өзінде екі таңбалы өсім байқалады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша маршруттың өткізу қабілеті 5 млн тоннаға жуықтады, ал алдағы жоспарда оны 10 млн тоннаға дейін кеңейту көзделген. Инвестиция дұрыс салынса, бұл бағыт тұрақты валюталық табыс көзіне айналады.
Агроөнеркәсіптік кешен
Қазақстанның орасан зор жер ресурстары бар, ал көршілес Азия мен Таяу Шығыс елдері азық-түліктің ірі импорттаушылары болып саналады. Тиімді инвестициялық модель болса, агросектор шикізат сатудан жоғары қосымша құны бар өнім шығаруға көше алады.
Ауыр машина жасау
Қазіргі таңда мұнай мен тау-кен саласына қажетті техниканың басым бөлігі шетелден импортталады. Бұл – қосымша құнның сыртқа кетіп жатқанын білдіреді. Өндірісті тым болмаса 15–20%-ға жергілікті жерде қалдыру (локализация) жаңа жұмыс орындарын ашып, салық базасын кеңейтуге мүмкіндік береді. Ол үшін мемлекет тарапынан ұзақ мерзімді тапсырыстар мен технологиялар қажет.
Негізгі модельді өзгерту: «Голланд ауруынан» айығу
Мұнайдан түсетін мол табыс өңдеу өнеркәсібінің дамуына кедергі келтіретін «голланд ауруына» әкеледі. Сондықтан экономиканы әртараптандыру- тек салаларды ауыстыру емес, даму моделін толық өзгерту деген сөз.
Сарапшының айтуынша мұнай әлі де экономиканың негізі болып қала береді. Шикізатқа тәуелділікті азайту – алдағы 3–5 жылдың емес, кемі 10–15 жылдың жұмысы. Жаңа салаларды бүгін іске қосуға болғанымен, олардың жүйелі нәтижесі тек ұзақ мерзімді кезеңде байқалады.
Азия даму банкінің аға экономисі Геннадий Рау инфляция төмендеп, экономикалық өсім шамамен 5% деңгейінде сақталса, халықтың әл-ауқаты жақсарып, нақты табысының өсетінін айтқан.