Жаңалықтар

Қызылордада түріктер салған жаңа газ электр станциясы істей бастады

Қызылорда газ электр станциясы
Қызылордада жарық сөнбейді: жаңа станция іске қосылды / фото: gov.kz

2026 жылғы 13 сәуірде Қызылорда облысында жаңа газ электр станциясы тәулік бойы энергия өндіре бастады. Аймақ үшін аса маңызды өндіріс орны алғашқы 170 мегаватт электр қуатын берді. Станцияны түріктер салған.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, қазір станциядағы екі газ турбиналы қондырғы тәулік бойы жұмыс істеп, біртұтас энергия жүйесіне 170 МВт қуат беріп отыр. Ол елдің оңтүстік аймағы үшін қосымша генерацияға айналады.

«Жақын арада тағы бір бу турбинасын пайдалануға беру жоспарланған. Бұл станцияны жобалық көрсеткіштерге шығаруға мүмкіндік береді», – деп таратты министрлік.

Жаңа станцияның толық өндіріс күші – 240 МВт электр энергиясы. Бұған қоса, ол 277 Гкал жылу өндіре алады.

Жоба «Aksa Energy» түрік инвестициясы есебінен іске асты. Нысан құрылысы 2024 жылы басталған. Станция құны – шамамен 215 млрд теңге.

Бұған дейін Kursiv.Media түріктер Қызылорда қаласындағы бу-газ электр станциясы құрылысын аяқтап қалғаны туралы жазған. Сол кезде осы станция қаланы жылумен қамтамасыз етіп, Сыр өңірінде электр тапшылығын жабуға мүмкіндік беретіні мәлім болған.