Биыл тұрғын үй салу бойынша жоспар орындалмай қалуы мүмкін

Жоспар бойынша, биыл 22 млн шаршы метр тұрғын үй салынуы керек. Бірақ қаражыландыруға қатысты жоспар 18,5 млн шаршы метр көлемінде ғана орындалуы мүмкін. Үкімет отырысында баяндама жасаған өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев осындай мәлімдеме жасады.
«Алайда қаражаттың қайтарылуына қатысты мәселелердің толық шешім таппауынан қазіргі қаржыландыру жағдайында тұрғын үйді іске асыру көлемі он сегіз жарым миллион шаршы метр деңгейінде болжанып отыр», – деді министр.
Оның түсіндіруінше, әкімдіктерде қарыз алуға қатысты шектеулер бар. Сондықтан құрылысқа алынған негізгі қарызды өтеуді жергілікті бюджет үшін жеңілдету керек немесе республикалық бюджет есебінен өтеуді ұсынып отыр.
Құрылыс қарқыны ең төмен өңірлер
Ресми дерек бойынша, құрылыс саласы 2026 жылдың алғашқы үш айында жақсы өсім көрсетті. Жұмыс көлемі шамамен 1,2 трлн теңгені құрап, 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,8%-ға артқан. Жалпы, өңірлердің басым бөлігінде тұрақты өсім динамикасы байқалады. Тек Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Абай және Жетісу облыстарында көрсеткіштердің төмендеуі тіркелді.
Тұрғын үй құрылысы да өсім көрсеткен. Үш ай ішінде 3,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, өткен жылмен салыстырғанда 3,8%-ға жоғары болды. Өсім 18 өңірде байқалған. Ең жоғары көрсеткіш Абай және Қарағанды облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында тіркелді. Ал Атырау мен Ақмола облыстарында төмендеу байқалды.
Тұрғын үй құрылыс көлемі бәсеңдегенімен, жылжымайтын мүлік бағасы өсіп жатыр. Әсіресе, қайталама нарықта үй бағасы жеделдеген. Тұрғын үй нарығындағы өзгеріс жайлы мына жерден біле аласыз.