Қазақстан экономикасына жыл басынан бері 3,5 трлн теңге инвестиция салынды

2026 жылдың үш айында негізгі капиталға салынған жалпы инвестиция көлемі 3,5 трлн теңгені құрап, 6,4%-ға артты. Бұл туралы Үкімет отырысында ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин хабарлады.
Жамбыл, Түркістан және Ұлытау облыстары қаражат тартудан көш бастап тұр. Ал Қостанай, Жетісу, Маңғыстау, Қарағанды облыстары және Шымкент қаласында көрсеткіш төмендеген.
Капиталдың басым бөлігі электрмен жабдықтау, байланыс және ауыл шаруашылығы секторларына салынды. Сыртқы саудада да оң динамика бар: жылдың алғашқы екі айында тауар айналымы 11,3%-ға өсіп, $21,7 млрд-қа жетті.
Инвестиция өсімнің драйвері болып қала береді
Негізгі капиталға салынған инвестицияның ішінде жеке инвестициялар 20,9%-ға өсті.
Электр энергиясы, газ, ыстық сумен жабдықтауға салынған инвестициял көлемі 2,5 есе, ақпарат және байланысқа – 2 есе, ауыл шаруашылығына – 70,6%-ға, саудаға – 28,2%-ға, өңдеу өнеркәсібіне – 21,6%-ға, көлік қызметтеріне – 7,9%-ға өсті.
Сыртқы сауда айналымы
Биыл қаңтар-ақпан айларында сыртқы сауда айналымы 21,7 млрд долларды құрады. Тауарлар экспорты 12 млрд долларды, оның ішінде өңделген тауарлардың экспорты 4,5 млрд долларды құрады. Ал тауарлар импорты 9,6 млрд долларды құрады
Айта кетейік, 2026 жылдың алғашқы үш айында Қазақстанда жалпы ішкі өнім 3%-ға өскен.