Алаяқтар ресми хабарламалар мен чат-боттарды пайдалана бастады

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
Мун: никакие законы не защитят казахстанцев от мошенников / shutterstock, бильд-редактор: Дастан Шанай
фото: ашық дереккөзден

Ішкі істер министрлігі киберқылмыстың жаңа әдістері туралы ескерту жасады. Алаяқтар мемлекеттік органдар мен қаржы институттарының атынан жалған құжаттар жіберіп, ресми мекемелермен байланыс орнатқандай әсер қалдыратын автоматтандырылған сервистер мен чат-боттарды жиі қолданатын болған. Бұл жайлы ведомство өкілі Бейбіт Біржанов айтып берді.

«Азаматтарға бейнеқоңыраулар арқылы белгісіз тұлғалар жалған бейне мен дауысты пайдалана отырып, өздерін полиция қызметкерлері, ұлттық қауіпсіздік органдары немесе банктердің қауіпсіздік қызметінің өкілдері ретінде таныстыратын жағдайлар тіркелуде. Күдікті операцияларды анықтау немесе ақшаның сыртқа шығу қаупі деген сылтаумен олар азаматтарды ақшаны шұғыл түрде «қауіпсіз шоттарға» аударуға көндіреді», – дейді ол.

Осыған байланысты министрлік құқық қорғау органдары мен банк қызметкерлері ешқашан бейнеқоңырау арқылы ақша аударуды талап етпейтінін, жеке құпия мәліметтерді сұрамайтынын және телефон арқылы қаржылық операциялар жүргізуді ұсынбайтынын қатаң ескертеді.

Мамандар азаматтарды алаяқтықтан сақтану үшін бейтаныс адамдардың нұсқауларын орындамауға, жеке банк деректерін бермеуге және кез келген күмәнді ақпаратты тек ресми дереккөздер арқылы тексеруге шақырады. Қандай да бір алаяқтық әрекеттерге тап болған жағдайда дереу полицияға хабарлау қажет.

Осыдан бір апта бұрын прокуратура өкілдері азаматтарға жалған хабарлама таратып, құпия дерегін, банк есепшотындағы қаржысын ұрлаған қылмыстық топты ұстаған еді. «Beeline» және «Halyk Bank» компаниялары атынан жалған хабарлама жіберіп, сол арқылы жеке деректерін ұрлап отырған.

Сондай-ақ оқыңыз