Үкімет ең төменгі жалақыны 150 мың теңгеге дейін өсіруді қарастырып жатыр

Жарияланды
Businness news бөлімінің тілшісі
Ең төменгі жалақы
Ең төменгі жалақы /фото: kursiv.media

Елде ең төменгі жалақыны 150 мың теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин айтты.

Оның айтуынша, үкімет ең төменгі жалақы мөлшерін кезең-кезеңімен арттыру мүмкіндігін қарастырып жатыр. Алайда нақты мерзімі әзірге белгісіз.

Вице-министр бұл шешім бірнеше экономикалық көрсеткішке байланысты қабылданатынын атап өтті. Оның ішінде негізгі факторлардың бірі – медианалық жалақы деңгейі.

Әлемдік тәжірибеде ең төменгі жалақы медианалық жалақының шамамен 50%-ын құрайды. Біздің елде медианалық жалақы шамамен 302 мың теңге. Сондықтан ең төменгі жалақыны 150 мың теңгеге жеткізу – жақын уақыттағы мақсатымыз. Бірақ бұл бюджет мүмкіндіктеріне байланысты жүзеге асады, – деді Азамат Әмрин.

Сонымен қатар ол ең төменгі жалақының өсуі мемлекеттік бюджеттің кірісіне тікелей тәуелді екенін жеткізді.

Айта кетейік, Ұлттық статистика бюросының дерегінше, елдегі орташа айлық жалақы – 473 мың теңге. Бірақ инфляцияны есепке алғанда, нақты жалақы керісінше 3,2%-ға төмендеген.

Сондай-ақ оқыңыз