«Мейрамханаларда бос орын қалмаған»: ата-аналар мектеп бітіру кешіне дайындалып жатыр

Оқу-ағарту және Ішкі істер министрлігі мектеп бітіру кешін білім беру ұйымдарынан тыс жерлерде ұйымдастыруға болмайды дегеніне қарамастан, ата-аналар бұл шараға белсенді түрде дайындалып жатыр.
Мейрамханаларда бос орын қалмаған
КТК телеарнасының хабарлауынша, қазіргі таңда мейрамханаларда бос күн қалмаған. Ата-аналар банкет залдарына наурыз айынан бастап алдын ала тапсырыс бере бастаған. Ал кәсіпкерлер мүмкіндігінше көп тұтынушы тарту үшін арнайы мәзірлер мен түрлі акциялар ұсынып жатыр.
Мейрамханалар желісінің жетекшісі Гүлнар Кеңесқызының айтуынша, бағалар 16 мыңнан 25 мың теңгеге дейінгі аралықта. Бұл сомаға тіскебасарлар, салаттар және ыстық тағамдар кіреді.
«Біз бітіру кешіне арнайы мәзір әзірлейміз. Өйткені балаларға арналған кеш. Сонымен қатар бұл кеш үшін арнайы акция бар. Әр сыныпта жалғызбасты аналар немесе көпбалалы отбасылар кездеседі, бәрінде мұндай қаражат төлеуге мүмкіндік жоқ. Сондықтан бітіру кештерінде 4-5 орынды тегін дайындауды тапсырамын», – дейді Гүлнар Кенесқызы.
Жүргізуші Алишер Қияков алты жылдан астам уақыттан бері іс-шаралар ұйымдастырып келеді. Оның айтуынша, маусым айы – ең қарбалас кезеңдердің бірі. Қызмет құны шамамен 500 мың теңге болса да, тапсырыстар желтоқсан айынан бастап түскен.
Мектеп бітіру кешіне жұмсалатын орташа қаражат қанша?
Түлектерге келер болсақ, олардың көпшілігі көйлектерді жалға алуды жөн көреді. Оның құны шамамен 30 мың теңге. Ал көйлек сатып алу немесе арнайы тіктіру әлдеқайда қымбатқа түседі, кемінде 200 мың теңгеден басталады.
Жалпы алғанда, мейрамхана, жүргізуші және киім шығындарын қосқанда, бір оқушыға бұл кештің орташа құны шамамен 80 мың теңгені құрайды. Бұл сомаға лимузин жалдау, әртістер шақыру, макияж бен шаш үлгісі сияқты қосымша шығындар кірмейді. Ал кешке тек оқушылар ғана емес, олардың ата-аналары да қатысатынын ескерсек, бір отбасы үшін шығын көлемі айтарлықтай көп болады.
Бір жас түлектің анасы бұл күнді отбасымен бірге асыға күтетінін айтты. Дегенмен сән-салтанатты мереке ұйымдастырмайтынын жеткізді. Оның пікірінше, мұндай шығынды көтеруге барлық отбасының шамасы жете бермейді.
«Біз мектептегі салтанатты жиынды ұйымдастыруға қолдау көрсетеміз, түрлі қойылымдар дайындаймыз. Негізгі назарды соған аударамыз. Аттестат тапсырылғаннан кейін, балаларды университетке түсу кезеңі күтіп тұр. Олар бірнеше ай бойы тынымсыз ҰБТ-ға дайындалады. Осындай жағдайда балалардың мерекесін неге бұзуымыз керек?», – дейді Әлия Таппергенова.
Еске сала кетейік, бұған дейін Алмалы аудандында орналасқан Ы. Алтынсарин атындағы №159 гимназияның түлектері мектеп кешіне 200 мың теңгеден ақша жинағаны анықталған еді. Алматы қаласының тұрғыны оқиғаға байланысты шағымданып, президентке үндеу жолдаған. Кейін Алматы қаласының білім басқармасы мектеп бітіру кешіне ақша жинау фактісіне жол берген мектеп пен аудандық білім басқармасына сөгіс жариялады.
Оқу-ағарту және Ішкі істер министрліктері өз кезегінде жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп, мектеп бітіру кештерін өткізуге жаңа талаптар енгізуді жоспарлап отыр.