
Аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмоновтың бұрынғы жұбайы Гүлайым Рахмонова елді елең еткізген мәлімдеме жасады. Журналист Руслан Өтепбайға берген сұхбатында ол бесінші сәбиін күтіп жүргенін және басынан өткен қайғылы оқиғаның егжей-тегжейін айтып берді.
Гүлайым Рахмонова 2025 жылдың жазында болған Алматы – Екатеринбург тас жолындағы жол апатына қатысты алғаш рет пікір білдірді. Сол қайғылы оқиғада Гүлайымның өз әпкесі көз жұмған болатын. Сұхбат барысында ол әпкесінің жерлеу рәсіміне де қатыса алмағанын, осы жағдай үшін өзін әлі күнге дейін кінәлі сезінетінін айтып, көз жасына ерік берді.
«Жол апатынан кейін, тамыз айында бала көтергенімді білдім. Бұл мен үшін күтпеген жағдай әрі үлкен сынақ болды», – дейді ол.

Еске сала кетейік, аталған жол-көлік оқиғасына байланысты сот Гүлайым Рахмоноваға 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған еді. Алайда сотталушының қарауында 2 жастан 9 жасқа дейінгі төрт кішкентай баласы бар екенін ескеріп, негізгі жазаның орындалуы 5 жылға шегерілген еді.
Бұған дейін Гүлайым Шавкат Рахмоновпен ажырасуына қатысты да даулы мәлімдемелер жасаған болатын. Ол спортшымен арадағы қарым-қатынастың суығанына және отбасының күйреуіне енесін кінәлаған еді.