Шерзат қазасынан кейін сотталғандар өзін ақтауды сұрады: кассация шешімі

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Шерзат полат қазасынан кейін сотталғандар кассациялық шағым түсірді/фото: архив

Астанада Шерзат Полаттың қазасынан кейін сотталғандардың кассациялық шағымы қаралды. Бұған дейін сотталған Азамат Тоқтаубаев пен Дидар Қалиахмет өзін ақтауды сұрап, кассациялық сотқа жүгінген.

Азамат Тоқтаубаев пен Дидар Қалиахмет, олардың қорғаушылары сотқа онлайн қатысты.

Дидар Қалиахметтің адвокаты Айбек Майыров қылмыстың алдын ала сөз байласу арқылы жасалмағанын, сотта мұның дәлелденбегенін айтты. Ол қылмыс құрамы болмауына байланысты істі тоқтатуды сұрады.

Азамат Тоқтаубаевтың адвокаты Гүлмира Бабажанова сотталғанның әрекетін қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігінен сол баптың 1-бөлігіне қайта саралауды сұрады. Сондай-ақ жаза мерзімін 2 жылға дейін қысқартуды және сотталғанды жәбірленуші тарапқа моральдық шығын өтеу міндетінен босатуды өтінді.

Істегі прокурор Индира Янгалышова сотталғандардың кінәсі дәлелденгенін айтып, кассациялық шағымның негізсіз екенін мәлімдеді. Соттан кассациялық шағымды қабылдамай, бірінші және апелляциялық сатыдағы сот шешімін өзгеріссіз қалдыруды сұрады.

Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық алқа төрағасы Артур Наримов бірінші сатыдағы сот үкімі мен апелляциялық сатыдағы сот шешімін өзгеріссіз қалдырды. Осылайша сотталған Азамат Тоқтаубаев пен Дидар Қалиахметтің кассациялық шағымы қанағаттандырылмады.

Шерзат Полат ісі

Талғарда жасөспірім Шерзат Полат 2024 жылы қазанның 3-інен 4-іне қараған түні қайтыс болды. Оқиға орнында түсірілген видео әлеуметтік желіде тарағаннан кейін шу шықты. Ол жерде бір топ ер адам жасөспірімді ұрып-соққан.

Оқиға орнында оннан аса адам болған. Алайда қылмыстық іс тоғыз адамға қозғалды. Екі әйел қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Тергеу барысында 40 сот сараптамасы жүргізіліп, 200-ге жуық куәгерден жауап алынған. Сот процесі сәуірде басталып, Жоғарғы соттың YouTube каналында тікелей эфирде көрсетілді.

Сот үкімімен тоғыз адам 23 жылға дейінгі мерзімге сотталды. Ішінде 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған мектеп оқушысы бірнеше айдан кейін бостандыққа шықты.

Сондай-ақ оқыңыз