100 млн теңге шығын: Жетісуда әйел мал жеткізуге қатысты алаяқтығы үшін сотталды

Жетісу облысында әйел адам мал жеткізуге қатысты алаяқтық жасағаны үшін сотталды, деп хабарлады Ішкі істер министрлігі.
Өзін коммерциялық ұйымның табысты басшысы ретінде таныстырған ол екі азаматқа «табысты бизнес-жобаға» қатысуды ұсынған. Бұл қызмет ұсақ мүйізді мал жеткізумен байланысты болған.
«Бұл ретте іс фигуранты тауардың бар екендігі және компанияның қаржылық мүмкіндіктері туралы көрінеу жалған мәліметтер берген. Қылмыстық ниетін іске асыру үшін заңды кәсіпкерлік қызметпен айналысып жатқандай көрініс жасаған: жалған келісімшарттар рәсімдеген, қолдан жасалған құжаттарды пайдаланған, сондай-ақ, банк заемын алу бойынша әрекеттер жасаған. Алдау нәтижесінде жәбірленушілер несие рәсімдеп, оның бақылауындағы ұйымның шоттарына ірі көлемде ақша аударған», – делінген хабарламада.
Алайда компания мал жеткізуді жүзеге асырмаған. Әйел алынған ақшаның бір бөлігін шетелге аударып, қолма-қол ақшаға айналдырған. Жалпы келтірілген шығын 100 миллион теңгеден асты.
Тергеу барысында құқық қорғау органдары келісімшарттардың жалған екенін және мәлімделген мүліктің жоқтығын растады. Күдіктінің әрекеті аса ірі мөлшерде жасалған алаяқтық ретінде сараланды.
Сот әйелді кінәлі деп танып, оған жеке ұйымдарда басшылық қызметтерді атқару құқығынан осынша мерзімге айыра отырып, бес жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.