2025 жылы ақылы жолдардан түскен табыс екі есе өсті

2025 жылдың қорытындысы бойынша ақылы учаскелерден түскен табыс шамамен 86 млрд теңгені құрады. Ал 2024 жылғы көрсеткіш 48 млрд теңге болған. Бұл туралы Көлік министрлігі хабарлады.
Бүгінгі таңда елімізде жалпы ұзындығы шамамен 4,9 мың шақырымды құрайтын 26 ақылы учаске бар. Олардың саны артып, негізгі республикалық тасжолдарды қамтып отыр. Ақылы жүйе мемлекеттік бюджетке тәуелді болмай, өзін-өзі қаржыландыратын мүмкіндікке ие болды.
Ақылы жолдардан түскен табыс артып келеді
2024 жылы ақылы жолдан түскен 48 млрд теңге табыс жол инфрақұрылымының үздіксіз жұмыс істеуіне, оның ішінде ақылы учаскелерді күтіп ұстауға жұмсалды. Сонымен қатар төлем алу жүйесінің қызметін қамтамасыз етті. Жиналған табысқа 43 мың шаршы метрден астам аумақта шұңқырлы жөндеу жұмыстары жүргізілді, 17,6 мың км жол белгілері сызылды, 29 мыңға жуық сигналдық бағандар орнатылды. Сонымен қатар 680 бірлік арнайы техника сатып алуға мүмкіндік берген.
2025 жылы жұмыс көлемі артты. Бұл жылы түскен 86 млрд теңге ақылы учаскелерді күтіп ұстауға және жөндеуге жұмсалды. Сондай-ақ төлем алу жүйесінің жұмысын қамтамасыз етуге және техниканы жаңартуға қаражат бағытталды. Есепті кезеңде 61,4 мың шаршы метр аумақта шұңқырлы жөндеу жүргізілді, 19,6 мың км жол белгілері сызылды, 4 мыңнан астам жол белгілері орнатылды және 31,6 мың метр қоршаулар жөнделді.
Бұған дейін ақылы жолдардың құнын төлемеген жүргізушілерді жауапкершілікке тарту азайғанын жазған едік. Жаңа тәртіп бойынша, жүргізуші жол жүрген күннен бастап 30 күн ішінде төлем жасамаса, материалдар 31-ші күні ғана бақылау органдарына жолданады. Бұрынғы нормаға сәйкес, жүргізуші жолақысын жеті күн ішінде төлеуге тиіс болған.