7 трлн теңгенің дауы: бірнеше банкте тексеріс жүріп жатыр

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Реттеуші бірнеше банкті тексеріп жатыр / Фото: shutterstock

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) төрайымы Мәдина Әбілқасымова шетелге заңсыз аударылған 7 трлн теңгеге қатысты жүргізіліп жатқан тексеріс барысын айтып берді.

Агенттік бұл іске қатысы бар деген күдікпен бірнеше банкті тексерген. Тексеріс әлі толық аяқталған жоқ, бірақ алдын ала қорытынды бойынша заң бұзылғаны анықталды.

Неге егжей-тегжей ақпарат айтылмады?

Мәдина Әбілқасымованың сөзінше, тексеріс талаптарына сәйкес, әзірге нақты қай банктердің заң бұзғанын атап айтуға болмайды.

Агенттік анықталған кемшілікті жою үшін арнайы қадағалау жоспарын құрмақ. Егер банктердің кінәсі толық дәлелденсе, ірі көлемде айыппұл салынады

Дау неден шықты

Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржы мониторинг агенттігінде өткен жиында банктердің бірі көрші елден екіншісіне 7 трлн теңгені заңсыз жөнелткенін айтқан еді. Осыдан кейін кейбір банктердің трансшекаралық операцияларына тексеріс басталды. 

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында 7 трлн теңгенің «таза сыртқа шығарылған ақша» емес, жалпы «қаражат айналымы» екенін айтты. Сондай-ақ, ол алдын ала тексеріс нәтижесінде банктерде ешқандай заң бұзу анықталмағанын мәлімдеп, көп ұзамай қызметінен кетті.

Президенттің баспасөз хатшысы және кеңесші Айбек Смадияров Тоқаев тексерілмеген ақпаратты жарияламайтынын айтты.

Сондай-ақ оқыңыз