
«Алтын ханым» атанған мектеп директоры Ақмоншақ Нұртазақызы жаңа әнге клип түсірді.
Ән «Мықты әйелдер көбейіп бара жатыр» деп аталады. Әнін Айдын Сәндібай, сөзін Рамазан Амантай жазған.
Ақмоншақ Нұртазақызы әнге қатысты пікірін де білдірген. Оның айтуынша, мықты әйел – тек қиындыққа мойымайтын жан емес, қандай сынақ келсе де, өз қадірін сақтай білетін ерекше жан.
«Ол үндемей көп нәрсені көтереді. Бірақ керек кезінде өз ойын батыл айтады. Мықты әйел – отбасының шуағы. Жақындарының тірегі. Армандарынан бас тартпайтын қайсар жан. Оны шынайы күші сабырында. Ақылында. Мейірімге толы жүрегінде», – деп жазды мектеп директоры.
Ән қазақстандық тыңдармандардың жүрек қылын қозғаған.
«Еріксіз көзге жас келеді екен. Демек ән жүрекке жетті деген сөз. Сәттілік! Әйел заты кейде осыншама ауыртпалықты жалғыз көтеріп кеткіміз келеді. Дегенмен нәзіктігімізді жоғалтып алмағанымыз абзал», – деп жазды оқырмандарының бірі.
Айта кететін жайт, Ақмоншақ Нұртазақызы – астаналық мектептің директоры. Продюсер Баян Алагөзованың «Алтын ханым» жобасында үздік атанды. «Алтын ханым – 2026» титулын иемденді. Ақмоншақ Нұртазақызы 3 млн теңге ұтысын әйелдерді қолдайтын әлеуметтік жобаға жұмсамақ.