Астанадағы үш баланың өлімі: депутат заңды өзгертудің қажеті жоқ деп санайды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Өрт салдарынан үш бала қайтыс болды / Фото: Shutterstock

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Астанадағы үш баланың қазасынан кейін заңға өзгеріс енгізудің қажеті жоқ деп санайды.

Депутатқа «Өрт сөндірушілер жолды бөгеп тұрған көлікке зақым келтіре ала ма? Осыған қатысты заңға өзгеріс енгізу қажет пе?» деген сұрақ қойылды.

Абзал Құспан қандай да бір өзгеріс пен толықтыру енгізудің қажеті жоқ деп санайды.

«Азаматтық қорғаныс туралы заңның 63-бабы бар. Сол жерде өртке қарсы қызметтің қызметкерлері, сондай-ақ оларға ерікті түрде көмектесетін азаматтар материалдық жауапкершіліктен босатылады деп көрсетілген. Бұл жағдайда олардың әрекеті заңды деп танылуы қажет», – дейді депутат Құспан.

Депутат өртке қарсы қызмет мамандарына осындай жағдайға қатысты сот актісі келсе, жеке қарауға дайын екенін жеткізді.

«Төтенше жағдайлар органдары басшылығы жеке құраммен тиісті жұмыс жүргізуі керек. Осындай жағдайларда олар әрекет етуі керек. Білуімше, ол жерде мамандар 20 минутын көлік иесін іздеуге жұмсаған», – дейді Құспан.

2026 жылдың 12 сәуірінде Астананың Есіл ауданындағы 21 қабатты тұрғын үйде өрт шығып, үш бала қайтыс болды.  

Сондай-ақ оқыңыз