Аусыл індеті: Қазақстан Қытай және Ресеймен шекарада бақылауды күшейтті

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Аусыл індетіне байланысты Қазақстан Қытай және Ресеймен шекарада бақылауды күшейтті
Астана аусыл індеті Қытайға Қазақстаннан тарады деген мәліметті жоққа шығарды / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қытайдың Қазақстанмен іргелес Шыңжаң Ұйғыр автономиялы ауданында аусыл індеті өршуіне байланысты, ресми Астана Қытай және Ресеймен арадағы шекарада ветеринариялық бақылауды күшейтті. Қажет болған жағдайда шектеу енгізіледі. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі Kursiv.Media тілшісіне хабарлады.

Астана Бейжің уәжімен келіспейді

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин ірі қарада тарап, адамға да жұғатын аусыл індеті Қазақстаннан Қытайға өтті деген мәліметті жоққа шығарды.

«Қытайдың уәкілетті органынан аусыл ауруының Қазақстаннан таралуы мүмкін екендігін растайтын ресми хабарлама осы күнге дейін Министрлікке келіп түскен жоқ. Аталған індеттің Қазақстанмен байланысы туралы мәліметтер ресми түрде расталмаған және дәлелсіз», – делінген вице-министрдің Kursiv.Media-ға жауабында.

Естеріңізге сала кетейік, 2026 жылғы сәуірдің басында Қытайдың Шыңжаң автономиялы өңірі мен Ганьсу провинциясында екі табыннан 219 сиырдың аусыл ауруына шалдыққаны анықталған. Қос табында барлығы 6229 ірі қара өлтірілген. Қытай билігі жұқпалы ауру көрші Қазақстан және Ресей жақтан келді деп есептейді.

аусыл ауруы
Аусыл індеті бойынша карантин. Көрнекі сурет / фото: shutterstock

Қазақстандағы ахуал

Ауыл шаруашылығы министрлігі қазір Қазақстан аумағында «аусыл ауруы тіркелген жоқ» деп мәлімдеді.

«2025 жылдан бастап, оның ішінде 2026 жылы да елдегі аусыл бойынша эпизоотиялық жағдай тұрақты және қолайлы», – деп жауап берді министрлік Kursiv.Media сауалына.

Бұған қоса, министрлік аусыл ғана емес, басқа да аса қауіпті жұқпалы аурулар бойынша «эпизоотиялық ахуал тұрақты» деп хабарлады.

«Аусыл ауруының алдын алу және ел аумағына таралу қаупін болдырмау мақсатында қолданыстағы ветеринариялық-санитариялық талаптарға сәйкес барлық тиісті профилактикалық және бақылау іс-шаралары жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр».

Қазақ-қытай шекарасында бақылау күшейтілді

Вице-министр Бердалин атынан келген жауапта көрші елдермен шекарада бақылау күшейтілгені туралы баяндалған.

«Көршілес өңірлердегі, атап айтқанда ҚХР Синьцзян-Ұйғыр автономиялық ауданы мен Ганьсу провинциясындағы эпизоотиялық жағдайды ескере отырып, Қазақстанның мемлекеттік шекарасында ветеринариялық бақылау күшейтілді.

Атап айтқанда: ветеринариялық бақылау бекеттері мен өткізу пункттеріндегі бақылау күшейтілді; көлік құралдарын дезинфекциялау қамтамасыз етіліп жатыр; ел ішінде жануарлардың қозғалысына мониторинг күшейтілді», – деп хабарлайды ауыл шаруашылығы министрлігі.

Бұл ретте вице-министр аусыл ауруына бейім жануарларды (ірі қара, шошқа, қой, ешкі, түйе), олардың өнімдерін Қытайдан Қазақстанға әкелуге уақытша шектеулер 2018 жылғы 28 тамызда енгізілгенін, олар әлі де қолданыста екенін ескертті.

Ресейдегі ахуалға қатысты

Министрлік «Ресей аумағында эпизоотиялық жағдайдың тұрақсыз болуына» байланысты атқарылып жатқан шаралар туралы да баяндады. Мәселен, жұқпалы аурулар елге өтіп кетпес үшін 2026 жылғы 13 қаңтар мен 26 ақпан аралығында Ресейден келетін жануарлар мен олардың өнімдеріне уақытша шектеу енгізілген.

Бұған қоса, қазақ-орыс шекарасында да бақылау күшейтілген.

«Республика аумағындағы Ресеймен шектесетін барлық ветеринариялық бақылау бекеттінде жануарлар мен жануарлардан алынатын өнімдерді тасымалдайтын автокөлік құралдарының барлық түріне міндетті түрде дезинфекциялық өңдеу жұмыстары ұйымдастырылды».

Айта кетейік, Ресейдің Қазақстанмен шекаралас Новосібір облысында аусыл ауруы тарағаны мәлім. Онда да ауруға шалдыққан ірі қаралардың көзін жойып жатыр. Дегенмен Кремль осындай індет барын әлі күнге дейін ресми түрде растамай отыр.

ірі қараға салынатын вакцина
Республикада ветеринарлар 22 кеселге қарсы вакцина салады / фото: shutterstock

Аса қатерлі індетке қарсы вакцина

Аусыл тараған Қытай билігі шұғыл түрде вакцина дайындауға кіріскен. Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрлігі аса қатерлі ауруларға қарсы егу туралы Kursiv.Media сауалына жауап берді:

«Қауіп аймақтарында сезімтал жануарларға жоспарлы вакцинация жүргізілуде; тұрақты эпизоотиялық мониторинг жүзеге асырылуда; жедел диагностика жүргізуге зертханалық базаның дайындығы қамтамасыз етілген; қажет болған жағдайда шектеу және алдын алу шаралары енгізіледі; шекаралық және құқық қорғау органдарымен ведомствоаралық өзара іс-қимыл күшейтілді; эпизоотиялық ахуал тұрақты».

Министрлік мәліметінше, Қазақстан жануарлар мен құстарға 22 ауруға қарсы вакцина егеді. Олар:

  • ауыл шаруашылығы жануарлары мен жабайы жыртқыштардың құтыруы;
  • аусыл;
  • лептоспироз;
  • листериоз;
  • пастереллез;
  • сібір жарасы;
  • жыртқыштардың эхинококкозы;
  • ұсақ күйіс қайыратын жануарлардың шешегі;
  • түйе шешегі;
  • эмкар және т.б.

Министрлік 2026 жылдың алғашқы жартысына арналған жоспарды орындау үшін «вакцинамен толық қамтамасыз етілді» деп отыр.

Ет бағасына әсер етпей ме

Вице-министр қазіргі жағдайға байланысты «ет бағасының өсуіне негіз жоқ» деп мәлімдеді.

«Ішкі нарық жеткілікті көлемде өніммен қамтамасыз етілген, жағдай бақылауда».

Мәселен, бұған дейін сарапшылар Қытайда аусыл секілді індет тараған уақытта ірі қара санының азаюына байланысты ет бағасы бірден көтерілуі мүмкін деп болжаған.

Бердалин жалпы алғанда «елдегі эпизоотиялық жағдай тұрақты» деп бағалады. Сонымен бірге, министрлік мәселені тұрақты бақылауда ұстап отырғанын, аса қауіпті жануарлар ауруларының ел аумағына енуіне, таралуына жол бермеу үшін қажетті шаралардың бәрін қабылдап жатқанын ескертті.

Мамандардың айтуынша, Қытайда кеселдің SAT-1 түрі тіркелген. Жұқпалы кесел 2025 жылы Африкадан Таяу Шығыс, Батыс және Оңтүстік Азия елдеріне тараған.

Аусыл ауруы сүт өнімдерінен, сонымен бірге кеселге шалдыққан ірі қарадан адамдарға да жұғады. Аусыл жұқтырған науқас басқа адамдарға қауіпсіз, өйткені вирус адамнан адамға тарамайды.

Жақында ғана Атырау облысының Исатай және Құрманғазы аудандарында 6 мың ірі қарадан ауру анықталған. Артынша министрлік батыста тараған аурудың аусыл еместігін, инфекциялық ринотрахеит екенін хабарлаған.

Сондай-ақ оқыңыз