Азаматтардың ЖСН-і аурухана мен дәріхана беретін чектерде көрсетілуі мүмкін

Қазақстанда медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмек сатып алғанда берілетін кассалық чекте пациенттің ЖСН-і көрсетілуі мүмкін. Қаржы министрлігі тиісті бұйрықтың жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды.
Құжатты жария талқылау 2026 жылғы 29 сәуірге дейін жалғасады. Егер жоба мақұлданса, медициналық қызмет пен дәрі-дәрмек үшін төлем жасалғанда берілетін кассалық чектің міндетті деректемелеріне тағы бір тармақ – пациенттің ЖСН-і қосылады.
Бұл не үшін қажет?
Жоба авторларының айтуынша, бұл бастама Премьер-Министр Олжас Бектеновтың Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының (ӘМСҚ) қызметін реттеу жөніндегі тапсырмасы аясында қолға алынған.
Бұйрық жобасының мақсаты – медициналық сақтандыру қорының (ӘМСҚ) ақшасы нақты қайда және қалай жұмсалып жатқанын ашық көрсету. Чекте ЖСН жазылып тұрса, салық органдары деректерді оңай салыстырып, медицина саласындағы заңсыз ақша айналымын азайтады.
Яғни, бұдан былай медициналық төлем чектерінде адамның кім екенін растайтын жеке нөмірі міндетті түрде көрініп тұруы керек. Бұл сол ақшаның нақты қай адамға және қандай қызметке жұмсалғанын нақты білу үшін жасалып отыр.
Бюджет қаражатын бақылауды күшейтеді
Қаржы министрлігі бұл жаңашылдық бюджет қаражатын пайдалануды бақылауды күшейтеді деп есептейді. Сонымен қатар, жобаның түсіндірме жазбасында бұл өзгерістің қоғам үшін ешқандай кері әлеуметтік-экономикалық салдары болмайтыны айтылды.
Айта кетейік, Қазақстанда медициналық қызмет сапасына қатысты дауларды шешетін Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы пайда болды.