15 сәуірден мобильді аударымдарды тексеру басталды

Жарияланды
Businness news бөлімінің тілшісі
 Мобильді аударымдар
Елімізде мобильді аударымдарды тексеру басталды / Фото: kursiv.media мұрағаты

15 сәуірден халықтың мобильді аударымдарын тексеру басталды. Тұрмыстық шығын, туыс, достар арасындағы көмек, сыйлық немесе бірреттік түсімдер бақылауға ілінбейді.

Банктер азаматтардың ақша аударымдары туралы 2026 жылдың бірінші тоқсанындағы мәліметті салық органдарына жолдады.

Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, енді қадағалау басталып, күмәнді жағдай анықталса, арнайы хабарламалар жіберіледі. Жаңа талапқа сәйкес, кез келген адамды бірден тексермейді.

Тексеру үшін үш ай ішінде 100 немесе одан да көп түрлі адамнан ақша түсуге тиіс.

Сондай-ақ аударымдардың тұрақты түрде үш ай бойы жалғасуы және жалпы сома шамамен 1 млн 20 мың теңгеден асуға тиіс.

Сонымен қатар туыстар, достар арасындағы көмек, сыйлық немесе бірреттік түсімдер бұл бақылауға ілінбейді.

Назарға кімдер ілігеді?

«Бұл бірден айыппұл салынды деген сөз емес. Егер азамат өз шотына түскен қаражаттың тауар немесе қызмет үшін алынған табыс екенін мойындаса, онда салық есебін тапсырып, тиісті төлемдерді төлей алады немесе ресми түрде кәсіпкер ретінде тіркеледі. Ал егер келіспесе, ақша аударымының себебін түсіндіріп, оның кәсіпкерлік қызметке қатысы жоқ екенін дәлелдеуге құқылы. Ал күнделікті тұрмыстық шығындар мысалы, тамаққа төлеу, біреуге ақша аудару сияқты қарапайым операциялар бұл бақылауға кірмейді», деді вице-министр.

Бұған дейін Ержан Біржанов кейбір қазақстандық  блогерлерге қатысты салық тексеру жұмыстары жалғасатынын айтқан еді. 600-ден аса блогер 1 млрд теңге салық төлеген.

Сондай-ақ оқыңыз