Тұрғын үй-жинақ жүйесіне тағы бір банк қосылмақ

Нұрбанк тұрғын үй жинақтарына қосылу мәселесін қарастырып жатыр. Қаржы ұйымы 2026 жылы арнайы жинақ шотын ашып, ипотекалық өнім әзірлеуді жоспарлап отыр.
Нұрбанк ұсынатын шарттар қандай?
Finratings.kz жазуынша, жоба бастапқы пысықтау кезеңінде тұр. Қазіргі уақытта бұл жобаның негізгі талабы мен ережесі дайындалып, оның қаншалықты тиімді болатыны айқындалып жатыр.
Сонымен қатар қаржы ұйымы «Отбасы банкімен» бәсекелестік мәселесіне ерекше көңіл бөліп отыр. Өйткені мемлекеттен 20% сыйақы алатын жалғыз банк – «Отбасы банкі». Сондықтан «Нұрбанк» клиенттерді тартудың басқа да тиімді жолдарын қарастырып жатыр.
«Алдын ала тұрғын үй жинақ депозиті бойынша мөлшерлемені Отбасы банкке қарағанда жоғары ету мүмкіндігі қарастырылып жатыр», – деп нақтылады банк.
Нұрбанк зейнетақы жинақтарының артық бөлігін тұрғын үй депозиттерін толықтыруға пайдалану мүмкіндігін де жоққа шығармайды. Бұл тетік нарықта бұрыннан қолданылып келеді және банк оны өз өнімдеріне бейімдеуді жоспарлап отыр.
Бұған дейін Freedom Bank серіктес компаниямен бірлесіп, жаңа үйлерден пәтер сатып алуға 5-10% мөлшерлемесімен ипотека беретіні белгілі болған.