Үш айдағы сыртқы сауда: қандай тауарларды экспорттап, нені импорттаймыз

2026 жылдың қаңтар-наурыз айларында Қазақстанның сыртқы саудасында айтарлықтай өсім байқалды. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстанның жалпы сауда айналымы 21,7 млрд долларға жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,3%-ға артық. Ең бастысы, біз сатып алғаннан (импорт) көрі, сатқанымыз (экспорт) басым.
Экспорт: Әлемге не ұсынамыз?
Қазақстанның экспорттық әлеуеті әлемдік нарықта энергия ресурстары мен стратегиялық шикізаттың маңызды көзі ретінде айқын көрініс тауып отыр.
2026 жылдың басындағы жалпы 12,0 млрд долларлық экспорттың тең жартысына жуығы, яғни 48%-ы – шикі мұнай мен мұнай өнімдеріне тиесілі.
Бұл ретте біздің ең ірі сатып алушымыз – Италия (18,1%), ол Қазақстан «қара алтынының» негізгі тұтынушысы болып қала береді.
Мұнайдан бөлек, жаһандық технологиялар мен «жасыл» энергетика үшін аса қажетті тазартылған мыс (8%) мен мыс кендері (4,3%), сондай-ақ болат өндірісінің ажырамас бөлігі – ферроқорытпалар (3,6%) – біздің табысымыздың негізгі тірегі.
Тізімді стратегиялық маңызы бар бидай (3,1%) толықтырып, Қазақстанның жаһандық азық-түлік қауіпсіздігіндегі рөлін нығайта түседі.
Осылайша, еліміз Италиядан бастап, Қытай (15,6%), Ресей (8,2%), Нидерланд (7,7%), Түркия (7,6%) және Франция (6,9%) сияқты мемлекеттермен тығыз экономикалық байланыс орнатып, экспорт көлемін өткен жылмен салыстырғанда 11,3%-ға арттырды.
Импорт бойынша негізгі серіктестер
Қазақстанның импорт нарығында қазіргі таңда нағыз «дуополия» орнаған деуге толық негіз бар. Себебі сырттан алатын тауарларымыздың негізгі ағыны екі ірі көршімізге тікелей байланысты болып отыр: мұнда Қытай (31,4%) техника, киім-кешек және түрлі гаджеттердің отаны болса, Ресей (31,3%) азық-түлік, өндіріске қажетті шикізат және күнделікті тұтыну тауарларымен қамтамасыз етіп тұр.
Ең қызығы – осы екі елдің біріккен үлесі бүкіл импорттың 62,7%-ын құрайды. Бұл көрсеткіш Қазақстан ішкі нарығының осы екі көршіге экономикалық тәуелділігі өте жоғары екенін паш етеді.
Демек, көршілердегі кез келген баға өзгерісі немесе логистикалық жағдай біздің дүкен сөрелеріне бірден әсер етеді деген сөз.
Сыртқы сауда динамикасы: Құлдырау мен қайта жаңғыру (2023-2026)
Соңғы бірнеше жылдағы сыртқы сауда статистикасына көз жүгіртсек, нарықтың айтарлықтай толқуларды бастан өткергенін байқаймыз.
Жалпы сауда айналымы 2023 жылдың басындағы жоғары қарқыннан кейін біраз бәсеңдеп, 2024 жылдың басында ең төменгі нүктесіне жетті. Дегенмен, қазіргі тенденция қайтадан тұрақты өсімге бет алғанымызды көрсетеді.
Экспорт: Тұрақтылықтан күрт серпіліске Экспорт көрсеткіштері 2023-2024 жылдары негізінен 90-100 аралығында бірқалыпты құбылып тұрды. 2025 жылдың басында шамалы төмендеу байқалғанымен, 2026 жылдың қаңтарында экспорт күрт артып, 122,8 көрсеткішіне жетті. і.
Импорт: Төмендеуден кейінгі тұрақтану Ең қызық динамика импортқа тиесілі. 2023 жылдың басында импорт өте жоғары (149,7) болды, яғни елге кірген тауар көлемі шектен тыс көп болған.
Алайда жыл бойы бұл көрсеткіш біртіндеп төмендеп, 2024 жылдың көктемінде 90,5-ке дейін құлдырады. Қуантарлығы, 2024 жылдың ортасынан бастап импорт көлемі қайтадан бірқалыпты, салауатты өсім көрсетіп, қазіргі уақытта тұрақтанды.
Қазақстанның сыртқы саудасы өтпелі кезеңнің қиындықтарын еңсеріп, 2025-2026 жылдары қайтадан белсенді өсу фазасына көшті. Әсіресе, экспорттың соңғы айлардағы серпіні экономикаға оң әсерін тигізбек.
Еске сала кетейік, 2025 жылдың сыртқы сауда қорытындысының мәліметіне негізделе отырып, Қазақстанның өңірлері бойынша сыртқы сауда айналымын қарастырған болатынбыз.