
Сәкен Майғазиевты Ұлан-Батордың әуежайында отыз жыл көрмеген моңғолиялық досы қарсы алды.
Қазір «МузАрт» тобы гастрольдік сапармен Моңғолияда жүр. Моңғолия қазақтары танымал топты домбыраның үнімен және қазақ салты бойынша шашу шашып күтіп алды.
Әуежайға Сәкен Майғазиевтың 30 жыл көрмеген моңғолиялық курстасы Қыдырбек те келген. Сағынысқан достар ұзақ құшақтасып қауышты.
«Отыз жылдан кейін екі достың кездесіп тұрғаны осы. Аллаға мың да бір тәубе», – деді Қыдырбек.
Сәкеннің моңғолиялық курстасының достыққа адал екені көрінеді. Айталық, Қыдырбектің ұлының аты ерекше – Есмет. Сәкен Майғазиевтың айтуынша, бұл бірге оқыған бес достың есімдерінің алғашқы әріптерінен құралған ат екен.
«Ералы, Сәкен, Мақсат, Еркін, Талғат. Баласының атын достардың бас әріптерінен қойған. Қауышқанымызды көрсетіп, бүкіл курстастарға мақтанып жатырмын», – деді Сәкен Майғазиев.
Мұның алдында «МузАРТ» тобының әншісі жас әншілердің ішінде кімдердің талантын қатты бағалайтынын айтқан еді.