Түркістан облысында МӘМС қаражатын заңсыз жымқырғандар анықталды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова
Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Түркістан облысы прокуратурасы мемлекеттік және жекеменшік медициналық ұйымдарды тексеріп, заңсыздықтарды анықтады.

Оның ішінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде қаражатты заңсыз алу және жұмсау фактілері де бар.

«Лицензиясыз консультациялық-диагностикалық қызметтерді сапасыз әрі тиісті деңгейде көрсетпеу жағдайлары белгілі болды», – делінген хабарламада.

Жалған консультацияға – 91 млн теңге

Прокуратураның мәліметінше, облыстағы жекеменшік клиникалардың бірінде рұқсат құжаттарынсыз «офтальмолог», «гастроэнтеролог», «аллерголог», «уролог», «психиатр», «гематолог», «генетик», «қан тамырлары хирургы», «нейрохирург», «нефролог», «инфекционист», «невропатолог», «эндокринолог», «хирург», «кардиолог», «фтизиатр», «рентгенолог», «ревматолог», «онколог» мамандарының атынан 28 мыңнан астам консультация көрсетіліп, 91 млн теңге көлемінде қаражат алынған.

Емделмеген тіске 203 млн теңге

Аталған факт бойынша материалдар Қылмыстық кодекстің 214-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркеліп, тергеуді аумақтық Экономикалық тергеп-тексеру департаменті жүргізген.

Тергеу нәтижесінде келтірілген залал толық өтелуіне байланысты іс ақталмайтын негіздер бойынша тоқтатылды. Сонымен қатар 203 млн теңге көлемінде стоматологиялық қызметтерді жалған көрсету фактілері анықталды.

Екі үлестес клиника өздеріне формалды түрде үш дәрігерді рәсімдеп, электрондық төлем жүйесіне жүкті әйелдер мен балаларға көрсетілгендей етіп 40 мың жалған стоматологиялық қызмет енгізген.

Деректердің жалған екені расталды

Тексеру барысында бір стоматологтың бір күнде әртүрлі клиникаларда бір мезгілде ондаған пациентке «қызмет көрсеткені» тіркелген.

Қарсы тексерулер мен пациенттерден алынған жауаптар мұндай деректердің жалған екенін растады.

Аталған фактілер бойынша арнайы прокурорлар Қылмыстық кодекстің 190-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп, материалдар сотқа жолданды.

Мұның алдында елімізде медициналық қызметтерді QR-код арқылы бақылау үшін Qalqan экожүйесі енгізілген еді.  

Сондай-ақ оқыңыз