Батыс Қазақстанда ветеринарлар қылмыстық топ құрып, мал ұрлаған

Батыс Қазақстан облысында мал ұрлауды әдетке айналдырған ұйымдастырылған қылмыстық топ ұсталды. Бұл туралы облыстық прокуратура хабарлады.
Құзырлы орган өкілдерінің мәліметінше, топ құрамында ветеринар дәрігерлер де болған. Күдіктілер ұзақ уақыт бойы мал ұрлап, саудалаған. Ал оның ізін жасыру үшін ақпараттық деректер базасына жалған ақпарат салып, рәсімдеп отырған.
Ұйымдасқан қылмыстық топты анықтап, жолын кесу үшін прокуратураның да тікелей қатысы болды. Ведомство жасырын тергеу әрекеттерін ұйымдастырып, қажетті процестік нұсқаулар да берген.
Қазір барлық күдікті ұсталып, қамауға алынды. Олар тергеуге көмектесуге ниет білдірді. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге де мәліметтері жария етуге жатпайды.
Бір апта бұрын құзырлы орган Ақтөбеде Халыққа қызмет көрсету орталығының ғимаратында отырып, заңсыз делдалдық қызмет ұйымдастырған топты ұстаған еді.