«Болашақ» стипендиаттарының айыппұлы артуы мүмкін

Ғылым және жоғары білім министрлігі бағдарлама шарттарын бұзған «Болашақ» стипендиаттары үшін айыппұл көлемін арттыру туралы ұсынысты қарастырады. Бұл туралы ведомство басшысы Саясат Нұрбек депутаттық сауалға берген жауабында мәлімдеді.
18 наурызда мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов ереже бұзған стипендиаттарды мемлекет оларға жұмсаған қаржыдан көбірек ақша қайтаруға міндеттеуді ұсынды.
Министр бұған дейін айыппұл көлемі іс жүзінде жұмсалған шығын сомасының 25%-ын құрағанын еске салды. Алайда 2010 жылы ол 10%-ға дейін төмендетілген. Бұл шарт стипендиат пен Халықаралық бағдарламалар орталығы арасында жасалатын үлгілік келісімшарттарда бекітілген.
2013 жылдан бері бюджет кірісіне 14,5 млрд теңге қайтарылды, оның ішінде 2026 жылдың І тоқсанында (қаңтар-наурыз) – 378 515 499 теңге.
«Қолданыстағы құқықтық реттеу бюджет қаражатының қайтарымдылығын қамтамасыз етудің жеткілікті әрі жұмыс істеп тұрған құралдарын қарастырады. Сонымен бірге, министрлік айыппұл көлемін арттыру туралы ұсыныс қаржылық жауапкершілік тетіктерін одан ары жетілдіру тұрғысынан мақсатты деп санайтынын атап өтеді», – делінген жауапта.
Идеяны жүзеге асыру мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдарды тарта отырып, жан-жақты және кешенді талдауды талап етеді.