
Қытай экономикасы бірінші тоқсанда жылдық есеппен 5,0 пайыздық өсім көрсетіп, бұған дейін жарияланған болжамнан асып түсті.
Reuters агенттігі сауалнама жүргізген сарапшылар қаңтар мен наурыз аралығында жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) 4,8 пайызға артады деп күткен болатын. Ал 2025 жылдың төртінші тоқсанында өсім 4,5 пайызды құрап, қарқын соңғы үш жылдағы ең төменгі деңгейге жақындаған еді.
Өнеркәсіп өндірісіндегі өзгерістер
Наурызда Қытайдағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі жылдық есепте 5,7 пайызға артқанымен, бұл көрсеткіш қаңтар-ақпан айымен салыстырғанда біраз бәсеңдегені байқалады.
ҚХР статистика бюросының дерегі бойынша жылдың алғашқы екі айында өндіріс өсімі 6,3 пайызды құраған еді.
Reuters сарапшылары наурызда өнеркәсіп өндірісі 5,5 пайызға көтеріледі деп болжам жасағанымен, нақты көрсеткіш ол межеден сәл жоғары болды.
Тұтыну нарығы мен инвестициялық көрсеткіштер
Қытай Халық Республикасындағы бөлшек сауда көрсеткіштері наурыз айында жылдық мәнде 1,7 пайызға артты, алайда бұл сарапшылар күткен 2,3 пайыздық межеден төмен болып шықты.
Салыстыра кетсек, қаңтар мен ақпан айларында бөлшек сауданың өсу қарқыны жылдық есеппен 2,8 пайыз деңгейінде қалыптасқан еді.
Сонымен қатар жыл басынан наурыз айының соңына дейінгі кезеңде Қытайдағы күрделі инвестициялар жылдық мәнде 1,7 пайызға өсті, бірақ бұл көрсеткіш те 1,9 пайыздық болжамға жете алған жоқ.
Еске сала кетейік, былтыр ХВҚ мәліметі бойынша Ресейдің жан басына шаққандағы табысы 14,26 мың АҚШ доллары болса, Қытайдікі 13, 69 мың АҚШ доллары болып қалыптасты. Ал Қазақстанның көрсеткіші – 14,77 мың АҚШ доллар болған еді.