Депутат ит-мысыққа 14,9 млрд теңге бөлінгенін айтып, тексеруді талап етті

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Депутат құзырлы органдардың тексеруін талап етті/фото: Айгерім Таубай

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин жануарларға кейінгі жылдары 14,9 млрд теңге бөлінгенін айтып, бюджет қаражатының қайда жұмсалғанын тексеруді талап етті.

Депуттаттың айтуынша, «Жануарларға жауапкершілікпен қарау» заң жобасы талқыланып жатқан тұста зооқорғаушылар аулау, стерилизациялау, вакцинация салу жобасының пайдалы екенін айқан.

«Бізге келген мәлімет бойынша бюджеттен жануарларға қатысты мәселеге 14,9 млрд теңге бөлінген. Бұл – 2022-2026 жылдарға бөлінген бюджет. Бір қызығы 69 панажай жұмыс істейді екен. Соның төртеуі ғана мемлекеттік, қалған 65-і жеке меншікке тиесілі. Ақша қайда кетті? Неге иттің саны өседі?», – дейді депутат.

Сөзінше, ит саны төрт жылда 13%-ға өскен. Адамды қабу, тырнау дерегі 28%-ға көбейген.

«Бұралқы ит саны көп. Бірнеше өңірде адамдар құтыруға шалдыққан. Бірнеше депутат Бас прокуратураға, ҰҚК-ге, ҚМА-ға хат жолдадық», – дейді Жаңбыршин.

Бұған дейін жануарларды өлтіргендерге жаза қатаңдайтыны айтылды. Еділ Жаңбыршиннің айтуынша, қолданыстағы заңнамада жануарды қинағандарды 30 күнге дейінгі мерзімге қамау қарастырылған. Ал жаңа заң қабылданса, бұл мерзім 6 айға дейін ұзарады.

Ал жануарды өлтіргендер 2 жылға сотталады. Заң жобасына сәйкес, жазаны 3 жылға дейін қатаңдату қарастырылған.

Одан бөлек асырауға, ұстауға тыйым салынған жануарлар тізбесі жасалады. Ал ит-мысық асырайтын азаматтар жануарларын чиптеуге міндетті болады. 

Сондай-ақ оқыңыз