Иран АҚШ пен Израиль жасаған соққылардан 270 млрд доллар шығынға батты

Иран билігінің ресми өкілі Фатма Мухаджерани АҚШ пен Израиль соққыларынан келген залалдың алдын ала есебі шамамен 270 млрд долларды құрайтынын айтты. Бұл туралы Anadolu Ajansi агенттігі хабарлады.
Оның сөзінше, әскери өтемақы мәселесін Иран делегациясы келіссөз барысында, соның ішінде Исламабадта бірнеше рет көтерген.
Сондай-ақ бұл мәселе президент Масуд Пезешкианның қатысуымен өткен халықаралық алаңдарда да талқыланған.
Тиісті ведомстволар экономиканың түрлі секторы мен инфрақұрылымға келтірілген зиянға алдын ала бағалау жүргізген. Нақты өтемақы сомасы құзырлы органдардың ресми қорытындысынан кейін белгілі болады.
Мухаджерани Тегеранның азаматтық инфрақұрылымға, коммерциялық және өнеркәсіптік нысандарға келтірілген шығындарды, сондай-ақ бейбіт тұрғындардың қаза болуына байланысты залалды өтетуге күш салатынын айтты.
Айта кетейік, осы аптада Америка мен Иран делегациялары келіссөз үстеліне қайта отыруы мүмкін.