Көмір жағады: Семейде үшінші жылу электр орталығының құрылысы басталды

Семей қаласында үшінші жылу электр орталығының құрылысы басталды. Энергетикалық нысан жергілікті Қаражыра кен орнында өндірілген көмірді жағады.
16 сәуірде «Самұрық-Қазына» басшысы Нұрлан Жақыпов пен Абай облысының әкімі Берік Уәли үшінші жылу электр орталығының (ЖЭО-3) құрылыс алаңын тексерді. Нысан шаһардың сол жағалауындағы Степной кентінде орналасқан.
2025 жылғы қазанда Энергетика министрлігі мен «Семей Энерго» компаниясы келісімшартқа отырды. Жобаның алдын ала техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленді. Құжатқа сәйкес, энергетикалық нысан 405 МВт электр қуатын, 1000 Гкал/сағ жылу қуатын өндіре алады.

Орталық «Қаражыра» кен орнында өндірілген көмірді жағады. Станцияда төрт бу қазандығы мен үш турбогенератор болады. Нысанның жалпы аумағы – шамамен 190 гектар. Әкімдік мәліметінше, құрылыс биыл сәуірде басталды. Нысан 2029 жылғы желтоқсанда іске қосылады.
«Жобаның өңір үшін маңызы зор. Жаңа жылу электр орталығы Семейдегі энергия тапшылығын азайтып, тұрғындарды тұрақты жылумен және электр энергиясымен қамтамасыз етеді», — деді Уәли.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, қазір Семейдің сол жағалауында екі, ал оң жағалауында 18 жылыту нысаны жұмыс істеп тұр.
Бұған дейін Семей белсендісі қала экологиясына шағымданған. «Патша заманында салынған ескі қазандықтарымыз бар. Жылу жете бермейді. Ал қыста ауаны қою қара түтін торлайды. Қарымыз да қап-қара», – деген еді Майра Әбенова.