Шымкент әуежайында ұшақ итті қағып кетті

Шымкент әуежайының ұшу-қону жолағында оқыс оқиға болды. Алматыдан ұшып келген FlyArystan авиакомпаниясының лайнері қонғанда итті қағып кеткен.
Оқиғаның мән-жайы
Әуекомпанияның ресми мәліметінше, оқиға 15 сәуір күні Алматы – Шымкент бағыты бойынша қатынаған FS7105 рейсі қонған сәтте болған. Куәгерлердің айтуынша, ұшақ жолаққа шығып кеткен жануармен соқтығысқан.
Ұшаққа зақым келді
Соқтығысу салдарынан әуе кемесінің кейбір компоненттері зақымдалған. Ұшақтың техникалық бөлшектері ауыстырылады. Қажетті қосалқы бөлшектер Алматы қаласынан Шымкентке жеткізілмек. Тексеру жұмыстары аяқталғанша, ұшақ уақытша пайдаланудан шығарылды.
Тексеру басталды
«Жануар ұшу-қону жолағына қалай өтіп кетті» және «Әуежайдың жерүсті қызметтері қайда қарады» деген сұрақтарға жауап іздеу үшін Астанадан арнайы тексерушілер тобы келмек.
«Ұшу қауіпсіздігі әуекомпаниясының басты басымдығы. Аталған факті бойынша жан-жақты тексеру жүргізіліп жатыр», – делінген FlyArystan хабарламасында.
Айта кетейік, бұған дейін соңғы төрт жылда елдегі бұралқы иттердің адамға шабуылдауы 28%-ға, ал бұралқы иттер саны 13%-ға өскен. Мәжілісте ит мен мысықтарға қытысты жаңа заң жобасы да ұсынылған еді.