Түсім азайса да, пайда артты: ERG-дің 2025 жылғы жұмбақ есебі

ERG компаниясының 2025 жылғы жалпы түсімі 6,2 млрд долларды құрады, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 2,5 пайызға аз. Дегенмен, компания негізгі қызметінің тиімділігін көрсететін EBITDA көрсеткіші 2,1 млрд долларға дейін өсті. Reuters-тің мәліметінше бұл көрсеткіш соңғы үш жыл қатарынан тұрақты өсім көрсетіп келеді.
Таза пайда мен рентабельділік деңгейі
Халықаралық стандарттар бойынша компанияның таза пайдасы 0,22 млрд доллар болды. Ал есептегі техникалық түзетулерді есепке алмағандағы нақты (түзетілген) таза пайда 64 пайызға артып, 0,45 млрд долларға жетті.
Компанияның жалпы тиімділігі, яғни рентабельділігі 34 пайызды құрап, былтырғы 29 пайыздық көрсеткіштен айтарлықтай асып түсті.
2024 жылғы шығынның себебі
Компания өкілдері 2024 жылы тіркелген 1 млрд доллардан астам шығынның нақты бизнеске қатысы жоқ екенін түсіндірді.
Бұл тек «қағаз жүзіндегі» шығын болған, яғни активтер мен міндеттемелердің құнын қайта бағалау кезінде пайда болған бір жолғы бухгалтерлік есептердің нәтижесі.
Компанияның иелері мен акционерлік құрылымы
ERG компаниясы – Қазақстанның тау-кен саласындағы ең ірі кәсіпорындардың бірі және ол ферроқорытпа, мыс, көмір мен алюминий өндіреді. Қазіргі таңда компанияның 40 пайызы Қазақстан үкіметіне тиесілі. Қалған 60 пайызы Патох Шодиев пен марқұм Александр Машкевич, Әлижан Ибрагимовтың мұрагерлеріне тиесілі.
Меншік иелерінің ауысуы туралы ақпарат
Соңғы уақытта нарықта қазақстандық бизнесмен Шахмұрат Мүтәліптің Машкевич пен Шодиевтің үлестерін сатып алу бойынша келіссөз жүргізіп жатқаны туралы ақпарат тарады. Дегенмен, бұл келісімшарттың ресми түрде аяқталғаны немесе құжаттарға қол қойылғаны туралы нақты мәлімдеме әлі жасалған жоқ.
Айта кетейік, Кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліп Қазақстанда ең ірі алтын компаниясының бірін сатып алмақ. Мүтәліпке тиесілі Central Asia Resources Holding Ltd. компаниясы «Алтыналмас» АҚ-ның 100% акциясын сатып алу туралы келісімшартқа қол қойған болатын.