Жамбылда мектеп оқушысының өз-өзіне қол жұмсау ісі бойынша үш адам сотталды

Жарияланды
​​General news бөлімінің тілшісі
субсидии сот
Жамбылда мектеп оқушысының өз-өзіне қол жұмсау ісі бойынша үш адам сотталды / pexels.com, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Жамбыл облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты кәмелетке толмаған баланы өзіне-өзі қол жұмсауға дейін жеткізу ісі бойынша үш адамды кінәлі деп таныды, деп хабарлады Бас прокуратура.

Өткен жылдың сәуір айында Тастөбе ауылында жасөспірім өз-өзіне қол жұмсаған. Осыдан кейін ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы, 3-бөлігі «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Тергеу мәліметтері бойынша, іске ауылдың 22 жастағы тұрғыны және 10-11 сыныптың екі оқушысы қатысты болған. Тергеу барысында 7-11 сынып оқушылары арасында «бейресми көшбасшылар» бары, сондай-ақ, криминалдық субмәдениетті романтизациялау және жасөспірімдердің бір бөлігі қалыпты жағдай ретінде қабылдаған «ұғымдармен» жүру белгілері анықталды.

«Қайғылы оқиғаға „жоғары сынып оқушылары“ тарапынан жүйелі түрде қорқыту, психологиялық қысым көрсету және еңбекке мәжбүрлеу себеп болған», – делінген хабарламада.

Сондай-ақ, тергеу жасөспірімнің қаза болар алдындағы соңғы күндері жастар арасында «беделді» саналған ер адамның үйінде мәжбүрлі түрде құрылыс жұмыстарын атқарғанын анықтады.

Қылмыстық іс сотқа 2025 жылғы 5 қыркүйекте жолданды. Талқылау барысында сотталушылардың кінәсі толық дәлелденді. Негізгі айыпталушы 8 жылға, ал қалған екі кәмелетке толмаған баланың әрқайсысы 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Бұған дейін 2026 жылы 15 сәуірде Жамбыл облысының Қордай ауданында тоғызыншы сыныптың екі оқушысы суицид жасап, олардың мәйіті сарай ішінен табылғанын жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз