Ақтау – Алматы рейсінде мас жолаушы әйел бұзақылық жасады

Ақтау – Алматы рейсінің жолаушысы 36 жастағы әйел мас күйінде бұзақылық жасағаны үшін рейстен түсірілді.
Lada.kz ақпаратына қарағанда, оқиға рейске тіркелу кезінде болған. Жолаушы айналасындағыларға қатысты балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзған.
«Көліктегі полиция қызметкерлері әйелді рейстен түсіріп, полиция бөлмесіне жеткізді. Оған қатысты қоғамдық орында мас күйде жүргені және ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік хаттамалар толтырылды. Құқық бұзушыға 25 АЕК (108 125 теңге) көлемінде айыппұл салынды», – делінген Көліктегі полиция департаменті хабарламасында.
Департамент мәліметінше, жыл басынан бері әуе кемелерінде 48 құқық бұзушылық тіркелген. Көбіне алкоголь ішу, ұсақ бұзақылық және темекі шегу деректері кездеседі.
Мұның алдында ұшақта жанжал шығарған Бейбіт Қорғанға айыппұл салынған еді.