Бата беруді үйрететін алғашқы тегін үйірме ашылды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Бата үйрету үйірмесі
Ақсақал жасына жақындағандар бата үйреніп отыр / фото: Мүфтият

Ақтөбе қаласында «Бата беріп үйрену» үйірмесі жұмыс істей бастады. Осында тәлім алғандар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бата беру байқауларына қатысады.

Мүфтияттың хабарлауынша, осындай үйірме ашу бастамасын республикалық бата сайысының жүлдегері Нұрлан Есенғазы көтерген. Ол кезінде Ақтөбе қаласы мен облысы байқауында жеңімпаз атанған.

Үйірменің ашылу салтанатына ақсақалдар, дін қызметкерлері және ҚМДБ өкілдері қатысты. Жиында бата берудің қазақ дәстүріндегі орны мен діни маңызы түсіндіріліп, оның түрлері мен әдептері таныстырылды.

Сонымен бірге түрлі жағдайларда берілетін бата үлгілері көрсетіліп, қатысушыларға тәжірибелік бағытта үйрету жұмыстары жүргізілді.

Бұл – ел бойынша ашылған алғашқы бата беру үйірмесі. Ол аптасына бір рет, сәрсенбі күні сағат 15:00-де тегін өткізіледі. Оған 25 жастан асқан кез келген азамат қатыса алады.

Сондай-ақ оқыңыз