Бензин мен дизель отынын экспорттауға қойылған уақытша тыйым ұзартылады

Энергетика министрлігі Қазақстан аумағынан бензинді, дизель отынын және басқа да бірқатар мұнай өнімдерін шығаруға қойылған уақытша тыйымды ұзарту мәселесін қарастыруда.
«Бұйрық жобасына сәйкес, 2026 жылғы 21 мамырдан 21 қарашаға дейін мұнай өнімдерін автомобиль көлігімен, соның ішінде Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне экспорттауға қойылған шектеуді ұзарту жоспарланып отыр. Сонымен қатар, жеңіл дистилляттарды теміржол көлігімен тасымалдауға қойылған қолданыстағы шектеулер сақталады», – деп хабарлады Энергетика министрлігі.
Бөлек қарастырылған тармақ бойынша, 2026 жылғы 1 шілдеден 31 желтоқсанға дейін ЕАЭО кедендік аумағынан тыс жерлерге жеңіл дистилляттарды, авиакеросинді, дизель отынын, газойльдерді, толуолды, ксилолды және мұнай битумын шығаруға тыйым салынады.
Ведомство бұл шаралар елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ішкі мұнай өнімдері нарығындағы тұрақтылықты сақтауға бағытталғанын атап өтті.