Экономика

Хегсеттің «әскерді тазартуы»: 21 америкалық генерал қызметінен қуылды

Пит Хегсет, соғыс министрі / фото: gemini generated

АҚШ-тың қорғаныс министрі Пит Хегсет 2 сәуірде Американың ең жоғары лауазымды армия офицері, генерал Рэнди Джорджды қызметінен босатып, тағы екі аға жетекшіні отставкаға жіберді.

Бұрынғы әскери шенеуніктердің айтуынша, Америка соңғы онжылдықтардағы ең ірі соғысын жүргізіп және Парсы шығанағына құрлық әскерлері аттанып жатқан тұста мұндай қадамның жасалуы – бұрын-соңды болмаған жағдай.

Хегсет офицерді жұмыстан неге шығарғанын түсіндірмеді. Бірақ ол Америка әскери басшылығын жаппай «тазарту» науқанының кезекті құрбаны болса керек.

Журналистен министрге дейін

The Economist тілшілері Пит Хегсеттің «темір сыпырғышына» ілігіп, қызметінен қуылған АҚШ-тың экс-генералдарымен сұхбаттасып қайтты. Бұрынғы шенділердің айтуынша, қазіргі Пентагон стратегиялық орталықтан гөрі, кек алу мен саяси ойын ордасына айналған.

Министрдің армиядағы «woke» мәдениетіне қарсы шығып, «нағыз жауынгерлік рухты» тірілтемін деген соқыр құмарлығы соншалық, ол тіпті халықаралық құқық нормаларын да аяққа таптап бара жатқан көрінеді.

21 генералды жұмыстан шығарды

Былтыр қызметке кіріскен Хегсет кем дегенде 21 генералды қызметінен қуды. Көбінің жұмыстан шығуына олардың нәсілі, жынысы немесе болжамды саяси көзқарастарынан басқа ешқандай салмақты себеп байқалмайды.

«21 жоғары лауазымды басшыны ешбір анық себепсіз жұмыстан шығару – бұрын-соңды болмаған оқиға»,- дейді American Enterprise Institute сараптама орталығынан Кори Шейк.

Олардың орнына келгендер негізінен білікті мамандар және айқын саяси пікірі жоқ адамдар. Дегенмен, кейбір тағайындаулар күмән тудырады. Генерал Джордждың орнына генерал Кристофер ЛаНевтің келуі – сондай жайт.

Еске сала кетейік, АҚШ пен Иран арасындағы уақытша бітімнің аяқталуына бір аптадан аз уақыт қалғанда, тараптар келіссөздердің кезекті кезеңіне өтпек. АҚШ президенті Дональд Трамп бейсенбі күні келесі кездесудің демалыс күндері өтуі мүмкін екенін мәлімдеді.