Инвесторлар қай өңірге қаржы құйып жатыр (Инфографика)

2026 жылдың қаңтар-наурыз айларында Қазақстанның негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 3,46 трлн теңгеге жеткен болатын. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексінің 6,4%-ға өскенін көрсетеді. ҚР ҰСБ деректеріне сүйене отырып, Kursiv Media өңірлердің инвсетициялық жағдайын зерттеді.
Қазақстан өңірлері бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар
(Млрд теңгемен)
Түркістан феномені және «Оңтүстік драйверлері»
Осы тоқсанның басты тренді – оңтүстік өңірлердегі инвестициялық бум. Түркістан облысы көлемі жағынан (354,3 млрд тг) екі алып мегаполистен (Астана мен Алматы) кейінгі үшінші орынға шықты.
Өсім қарқыны – 171,2%. Бұл өңірдегі өнеркәсіптік және туристік хабтардың құрылысы белсенді фазаға өткенін аңғартады.
Жамбыл облысы 171,6% рекорд өсім көрсетті. Инвестиция көлемі 218 млрд теңгеден асты. Ал Ұлытау облысы (166,0%) жаңа өндірістік қуат пен тау-кен жобалары есебінен жоғары динамиканы сақтап тұр.
Мегаполистер: Тұрақтылық па, әлде тежелу ме?
Астана мен Алматы қалалары әдеттегідей көлем бойынша көш бастап тұрғанымен, өсім қарқыны республикалық орташа көрсеткіштен төмен:
- Астана қаласы: 413,7 млрд тг (101,2% өсім) негізінен жылжымайтын мүлік пен инфрақұрылым.
- Алматы қаласы: 373,7 млрд тг (102,3% өсім қызмет көрсету және сауда секторларының тұрақтылығы.
Бұл мегаполистердегі инвестициялық нарықтың қанығуын немесе капиталдың өңірлерге қарай ығыса бастағанын көрсетуі мүмкін.
Төмендеу аймағы: дабыл қағарлық көрсеткіштер
Төрт өңірде инвестиция белсенділігінің айтарлықтай төмендегені байқалады: Қостанай облысына қатысты индекс небәрі 55,0%. Бұл былтырмен салыстырғанда инвестицияның 45%-ға қысқарғанын білдіреді.
Себебі ірі машина жасау немесе агроөнеркәсіптік жобалардың тоқтауы немесе аяқталуы болуы мүмкін.
Шымкент қаласы: 67,4%. Үшінші мегаполисте инвестициялық белсенділік 32,6%-ға төмендеген.
Жетісу облысының индексі – 69,6%. Маңғыстау облысы: 75,4%. Мұнай секторына тәуелді өңірде капитал салымының азаюы экспорттық логистика мен шикізат бағасының құбылмалылығына байланысты болуы ықтимал.
Атырау облысы (300,9 млрд тг) 100,2% көрсеткішімен өткен жылғы деңгейде қалды. Бұл өңірдегі ірі жобалардың (мысалы, ТШО-ның болашақ кеңейю жобасы) шешуші кезеңге өткенін немесе жаңа ауқымды келісімшарттардың күтілуде екенін білдіреді.