Маркетплейстер тұтынушылардың деректерін салық органдарына беруге келісе ме

Енді маркетплейстер тұтынушылардың саудасы, сатып алған тауарлары жөніндегі деректерді Мемлекеттік кірістер комитетіне беруі керек. ТМД аумағындағы ірі маркетплейстің бірі, Ozon компаниясы, бұл талапқа да көнуге мәжбүрміз дейді.
Ozon негізін қалаушы Наталья Боердың сөзінше, бұл жаңа өзгеріс емес, басқа нарықта да осындай талаптар болған.
«Мұның артында қандай заңнамалық база тұрғанын ескеруіміз керек. Әрине, бизнес үшін қосымша жүктеме. Дәл қазір былай жұмыс істейді деп нақты жауап беру қиын. Егер қажет болса, платформа интеграция жасап, заң талабын орындауды қамтамасыз етеді», – деді ол.
Жаңа Салық кодексіндегі талапқа байланысты, енді маркетплейстер сатушылар, сатылған тауарлар, төлемдері туралы барлық ақпаратты жинақтап, әр айдың бесіне дейін Мемлекеттік кірістер комитетіне тапсыруы керек.
Ал салықшылар маркетплейстерден алған деректі азаматтардың декларациясымен салыстырады. Егер екі жақ бір-біріне сай болмаса, онда ескерту жібереді.
Күні бүгінге дейін 23 маркетплейс талап еткен барлық ақпаратты салық органдарына жіберген.